Мәдениет саласының жанашыры

Қазақ халқының мәдениеті мен өнеріне адал қызмет етіп жүрген еңбекқор жан, өнерге деген ерекше сүйіспеншілігімен ерекшеленетін Майра Оразғазықызы – көптеген жас пен мәдениет қызметкерлеріне үлгі боларлық тұлға. Оның өмірі мен еңбек жолы мәдениет саласының дамуына зор үлес қосып, ұрпақ тәрбиесінде маңызды рөл атқарды.

Майра Кульджабаева 1970 жылы 8 сәуірде Семей облысының (қазіргі Абай облысы) Аягөз қаласында дүниеге келген. Қазақтың қарапайым отбасының баласы, әкесі Оразғазы Түсіпұлы – механизатор, анасы Балғайша Рымханқызы – еден жуушы болып еңбек еткен. Отбасында алты бала тәрбиеленіп, Майра бесінші бала болып дүниеге келген. Бала кезінен белсенділігімен ерекшеленген ол мектеп кезінде пионер отрядының төрағасы, комсомол комитетінің хатшысы, мектеп старостасы болып тағайындалып, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысқан. 1990 жылы отбасы Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданына көшіп келіп, Майра Оразғазықызы білімін әрі қарай Қарағанды қаласында жалғастырды. Ол Тәттімбет атындағы өнер колледжін және Қарағанды мемлекеттік университетін аяқтап, білімді маман болып шығады. Майра Оразғазықызының мәдениет саласындағы еңбек жолы 2000 жылдан басталады. Тоғызқұдық ауылында орналасқан Мәдениет үйінде балалармен жұмыс жөніндегі әдіскер, мәдени ұйымдастырушы және мәдени үйінің меңгерушісі қызметтерін атқарып, ауыл жастарының мәдени дамуында маңызды рөл ойнайды. 2009-2012 жылдары Қарағанды қаласындағы С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театрында бас әкімші болып, театр әлемінің тынысымен танысады. Ал 2012-2015 жылдар аралығында Қарағанды қаласының К.Станиславский атындағы орыс драма театрында әкімшілік қызметін атқарып, театрдың ұйымдастыру жұмыстарына өз үлесін қосады. Еңбек жолын одан әрі жалғастырып, 2015-2019 жылдары Жезқазған қаласындағы С.Қожамқұлов атындағы қазақ драма театрында көрермендер ісі жөніндегі директордың орынбасары болып жұмыс істеді. Ол театр өнерінің дамуына өз қолтаңбасын қалдырып, көрермендермен тығыз байланыс орнатып, мәдени шаралардың ұйымдастырылуына атсалысты.

Майра Оразғазықызы 2019-2023 жылдар аралығында Бұқар жырау ауданының Новоузенка ауылының Мәдениет үйінің меңгерушісі болып еңбек етті. Оның басқаруымен ауылдағы мәдени шаралар ауқымдалып, ауыл тұрғындарының мәдени өмірі жаңа деңгейге көтерілді. 2023-2024 жылдары Саран қаласының Мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі ретінде өнер саласына жаңа серпін беріп, қала тұрғындарының мәдени-рухани өмірін байытты. 2024 жылдың ақпан айынан бастап Майра Оразғазықызы Ақтас кентінің мәдени-сауық орталығының директоры қызметіне тағайындалды. Осы лауазымда ол мәдениет саласының дамуына жаңа бағыттар ұсынып, кент тұрғындарының рухани өмірін байытуға бағытталған шараларды қолға алуда. Майра Оразғазықызының еңбек жолы – еліміздің мәдениет саласына сіңірген еңбегімен ерекше. Ол әрқашан халықтың мәдени өміріне үлес қосып, жастарды тәрбиелеу, өнерге деген қызығушылықтарын арттыру жолында аянбай еңбек етті. Оның қызметі мәдениет саласының жанашыры әрі кәсіби маман ретінде жоғары бағаланып, халықтың құрметіне бөленді. Майра Оразғазықызы сияқты тұлғалардың ел мәдениетін дамыту жолындағы еңбектері жастарға үлгі болып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын мәдени мұраның негізін қалайды. Оның еңбек жолы, шығармашылық қызметі мен табандылығы еліміздің мәдениет саласының кемелденуіне зор ықпал етуде.

Айдын ЖОЛҚҰТТЫТЕГІ,

«QH»