Ұлыстың ұлы күні «жаңару», «жаңғыру» ұғымдарынан құралған

Наурыз мейрамы – терең дәстүрлі құндылықтардың қайнар көзі және ұлттың бірегейлігін құрудың жоғары шоғырландырушы әлеуеті мен тетігі бар аса маңызды бүкілхалықтық мейрам. Мемлекет басшысының тапсырмасына орай Наурыз мейрамын мерекелеудің негізгі мақсаты Қазақстандағы бейбітшілік пен келісімді нығайту, азаматтарды елдің жасампаз дамуының ортақ міндеті айналасына топтастыру, ортақ мәдени-рухани құндылықтар мен жалпыұлттық сананы қалыптастыру болуға тиіс.


Биылдан бастап Наурыз он күн тойланады. Ұлыстың ұлы күні саналған Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа тұжырымдамасы әзірленді. Тұжырымдамада белгіленгендей, 19 наурыз – Жаңару күні. Осы мезгілде табиғат түрленіп, тіршілік қайта жанданады. Атаулы күн табиғаттың түрленуіне ғана емес, елдегі саяси оқиғаларға да қатысты. Еске салсақ, осыдан 5 жыл бұрын ел тағдыры үшін маңызды шешім қабылданды.
Осы орайда облысымыздың көрнекті қайраткерлерінің, ғалымдардың, жастардың, жалпы жұртшылықтың Наурыз мейрамының еліміздің жаңа тарихындағы жаңа саяси дәуірдің бастауы ретіндегі, ауқымды өзгерістерге жол ашатын маңызы жайлы пікірлерін білген едік.

«Наурызнама онкүндігі бізге, қазақстандықтарға, күн мен түннің теңелу мейрамының философиясы туралы түсінігімізді кеңейтуге мүмкіндік береді. Наурыз мейрамы халықтың байлығы мен мәдени мұрасын ерекше дәріптеу арқылы қазақстандықтардың бейбітшілігі мен келісімін нығайтуға бағытталған. Бізде шынымен мақтанатын және басқа ұлттармен бөлісетін нәрсе бар. Демек, Наурыз көне дәстүрдің құнарлы топырағында әдемі қызғалдақтай құлпырған қазіргі Қазақстанның жетістіктерін көрсетуге мүмкіндік береді. Наурыз мейрамы құтты болсын!»

Хмелевский Виталий Альбертович,
Қарағанды облыстық «Полония» поляк қоғамының төрағасы

«Биыл елімізде Наурыз мейрамы жаңаша форматта тойлануда. 14-23 наурыз аралығында өткізілетін Наурызнама онкүндігі жарияланды. Әр күнге арнайы атау беріп, сол бағыттар аясында іс-шаралар өтуде. Наурыз – терең тарихи және мәдени тамыры бар ежелгі мейрам. Бұл мейрамды халықпен бірге жаппай мерекелеу мәдени мұраны, дәстүрлерімізді сақтап, келесі ұрпаққа жеткізуге ықпал етеді. Түрлі этностар мен ұлттар арасындағы байланысты нығайтып, өзара түсіністік пен жақындасуға сеп болады. Біз Наурыз мейрамының мәртебесін көтеріп, ауқымын жылдан-жылға кеңейте беруіміз керек. Себебі бұл мейрам туристер назарын аударып, өңірдің туристік әлеуетін дамытуға, сондай-ақ халықаралық байланыстарды нығайтуға түрткі болады. Осыдан бірнеше жыл бұрын жай күндері ұлттық киіммен жүрген адамдарды көру көзге оғаштау көрінетін болса, қазір жастар арасында ұлттық киіммен жүру жақсы трендке айналды. Ұлттық киім өз мәнін жоймай, бұрынғы дәстүрлер мен заманауи үрдістерді үйлестіре отырып жаңа интерпретацияға ие болғаны шын қуантады. Бірақ ұлттық киімге сұраныс болғанымен, нарықта бағасы қымбат. Алдағы уақытта ұлттық нақышта киім тігетін кәсіпкерлерді қолдап, осы бағыттағы бәсекені арттыру үшін арнайы гранттар бөлініп, мемлекет тарапынан қолдау болса деймін. Барша Қарағанды облысының тұрғындарын Наурыз мейрамымен құттықтаймын! Жаңа жылда жаңа табыстарға жете беріңіздер! Наурызнама күнтізбесіндегі әр күнді ыстық ықыласпен атап өтейік!»

Хамитов Ержан Болатұлы,
«AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты Қарағанды облыстық филиалының төрағасы