Ұлы дала ойындары ұлықталды

Нұра ауданында «Сарыарқа – ұлы дала ойындары» фестивалінің екінші кезеңінің қорытындысы шығарылды. Шара Қарағанды облысының үш жүзден астам ұлттық спорт әуесқойын біріктірді.

Спортшылар бірнеше күн бойы көкпар, аударыспақ, садақ ату, арқан тарту және басқа да бірқатар ұлттық ойыннан сынға түсті.

Көкпарда екі лигада 23 команда өзара бақ сынасты. Бірінші лигада «220 вольт» (Бұқар жырау ауданы) командасы үздік атанды. Екінші орынды Нұра ауданының «Рассвет» командасы жеңіп алды. Үздік үштікті Нұра ауданының «Изенді Арландары» командасы түйіндеді.

Жоғары лигада Шет ауданының «Ақсу-Аюлы» командасының шабандоздары жеңіске жетті. Екінші орынды осы ауданның көкпар әуесқойлары – «Ақсу-Аюлы жастар» командасы иеленді. Үшінші орын Қарқаралы ауданына қарасты Қарағайлы кентінің «Жанали» командасының шабандоздарына бұйырды.

– Көкпар өте керемет болды. Біз жоғарғы лигада бірінші орынға ие болдық. Біздің команда – облыстағы ең мықты командалардың бірі. Бірақ қарсыластар да лайықты. Жалпы, соңғы үш жылда облыста ат спорты жақсы дамып келеді. Үздік үштікте Шет, Бұқар жырау және Қарқаралы аудандарының шабандоздары бар. Сондай-ақ ақтоғайлықтар арасында да мықты командалар бар, – деп атап өтті «Ақсу-Аюлы» командасының мүшесі Дидар Есмахаев. – Маусым айының соңында Ақтоғайда спартакиада өтеді. Біз соған дайындалып жатырмыз.

Аударыспақта бақ сынасқан спортшылардың күресі де керемет әсерлі болды. Қатысушылар өздерінің күші мен ептілігін үш салмақ дәрежесінде көрсетті: 62, 82 және +82 келі. Шет және Нұра аудандарынан Фархат Советов, Ерғанат Тайжанов және Азамат Жаркен үздік деп танылды.

Арқан тартудан бірінші орын Нұра ауданының ерлер және әйелдер командаларының қоржынына түсті.

Қой көтеруде Қарқаралы ауданына қарасты Сарыбел ауылынан Әділет Серікбаев үздік нәтиже көрсетті. Ол екі минут ішінде 50 рет көтерді.

Жарыс концерттік бағдарламамен сүйемелденді. Фестиваль қонақтары мен қатысушылары үшін киіз үйлер тігілді.

Барлық жеңімпаз медальмен, кубокпен және демеушілер ұсынған бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Өз тілшімізден