Ұлы ғалымның өмір жолы

Темірғали Әбілдаұлы Көкетай – ХХ ғасырдың көрнекті ғалымы, физика саласының майталманы, әрі қазақ тілінің жанашыры. Ол 1938 жылы 25 наурызда Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында дүниеге келген. Ғұмырының соңына дейін Темірғали Әбілдаұлы ғылым мен білімге деген ерекше ықыласы, адамгершілік қасиеттері, ұстаздық жолы арқылы Қазақстан ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосты.

Темірғали Әбілдаұлының ғылыми жолы Қарағанды мемлекеттік университетімен тығыз байланысты. 1972 жылы осы оқу орнына жұмысқа келген ғалым 50 жылдан астам уақыт бойы ұстаздық қызмет атқарды. Түркия, Швеция, Америка, Германия сынды елдегі жоғары оқу орындары оны жұмысқа шақырса да, ол туған университетін, Е.А.Бөкетовтің аманатын орындауды жөн көрді. Ғалым ретінде ол әрқашан өз жұмысын сүйіп, қызыға істеді. Темірғали Әбілдаұлы физика ғылымына жасынан ынтық болды, және оны терең зерттеу арқылы табиғаттың заңдылықтарын түсінуге ұмтылды. «Физика – бұл табиғаттағы құбылыстар мен заңдылықтарды зерттеуге бағытталған, адамның тіршілігін жақсартуға көмектесетін ғылым» деген оның пікірлері ғылымның өмір сүру үшін маңызды екенін көрсетеді. Ғалымның айтуынша, физика тіпті тарих пәнінен де жеңіл болуы мүмкін, егер оны дұрыс түсіндіре білсе. Темірғали Көкетай ғылымға деген терең сүйіспеншілігін әрқашан баса айтып жүрді. Ол ғылымның адамды адалдыққа, шындыққа және әділеттілікке тәрбиелейтінін атап өтті. Ғылыми жолда адами қасиеттердің болуы өте маңызды екенін, әсіресе еңбекқорлық пен табандылықтың ғалым болудағы басты элементтер екенін айтты. «Нағыз ғалым болу үшін табиғи қабілет қажет, бірақ ол қабілет пен қызығушылықсыз ғылым алға баспайды» деген ғалымның ойлары бүгінгі жастарға үлкен өнеге. Сонымен қатар, ғылымның адамзатқа пайдасы мен оның қоғамға әсері туралы да ой қозғады. Темірғали Әбілдаұлы іргелі ғылымның маңыздылығын атап өтіп, оның негізінде қазіргі заманғы технологиялардың дамитынын айтты. Ғылымның адамдарды жоғары деңгейге көтеріп, өмір сапасын жақсартатыны туралы ұстанымы оның ғылыми шығармашылығының негізін қалады. Темірғали Әбілдаұлының өміріндегі маңызды кезеңдердің бірі – оның ұстаздық қызметі мен өз ғалымдарының жолын ашуы. Ол Е.А.Бөкетовтен, ТарТУ университетінің профессоры Ч.Б.Лущиктен алған тәлімдеріне ерекше назар аударды. Осы ұстаздары оны ғылымға жетелеп, ұлттың рухани құндылықтарын түсінуге, ұрпаққа білім мен тәрбие беруге шақырды.

Ақселеу Сейдімбековпен бірге өткізген жылдары да ғалым үшін ерекше маңызды болды. Ол Ақселеуді рухани ұстазы ретінде танып, ұлттық мәдениет, салт-дәстүр мәселелерін терең талқылағанын есіне алады. Ғалымның айтуынша, рухани жаңғыруға деген ұмтылыс оның ғылым мен ұлттық болмысқа деген көзқарасын толықтырды. Темірғали Әбілдаұлы өмірді кездейсоқтықтар мен тағдырдың заңдылығы ретінде қабылдады. Ол адам өміріндегі уақыттың құндылығын ерекше бағалады. «Дүниедегі ең қымбат нәрсе – ол уақыт, оны ешқашан қайтара алмайсың», – деп айтқан ғалым, әр адам өз тағдырын шынайы қабылдай білуі керектігін, бақытты болу үшін оның ең бастысы – ұлтқа, қоғамға адал қызмет ету екенін ұғындырды. Оның ойынша, ғылым мен білімге деген көзқарас еліміздің дамуына ықпал етеді, әрі әрбір азаматтың өмірінде өз еліне деген сүйіспеншілікті арттырады. Ғылым мен әдебиетті байланыстыра отырып, ол рухани және білімдік бірліктің маңыздылығын атап өтті. Темірғали Әбілдаұлы Көкетайдың өмірі мен ғылыми қызметі ұлттық рухани дамуды, ғылымды, білімді және адамгершілік құндылықтарды жоғары қойған бірегей тұлғаның ізгілікті жолының үлгісі болды. Оның ой-толғамдары мен ғылыми мұрасы Қазақстан ғылымының дамуына үлкен үлес қосып, жастар үшін асыл тұғыр болды. Оның еңбегі мен айтқан сөздері әлі де ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, елі үшін қызмет етудің мәнін түсіндіреді. Тау тұлға тірі болғанда, биыл наурыздың 25-күні 88 жасқа толар еді. Ғалым 2024 жылы 87 жасқа қараған шағында өмірден озды.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,      

«QH»