Ұлттық ойындар балабақшада
Бүгінгі таңда заманымызға сай зерделі, ой-өрісі жоғары, жан-жақты дамыған ұрпақ қалыптастыру мемлекетіміздің алға қойған аса маңызды міндеті болып тұр. Тәрбие мен алғашқы дәні – мектепке дейінгі тәрбие ошағында беріледі. Бала денсаулығының мықты болып, қозғалыс, дене құрылысының дұрыс жетілуі мектепке дейінгі кезеңде қалыптасады.
Салауатты өмір салты – адамның өмір сүруі үшін қажетті іс-әрекеті мен қызметіндегі ақыл, зерделілігін, парасат, байсалдылығын, сабырлы сана-сезімін, жалпы адамның рухани деңгейін көрсететін мінез-құлық нормасы мен өмір сүру тәсілінің жүйесі. Мектеп жасына дейінгі балалардың негізгі іс-әрекеті ойын болғандықтан, ұлттық ойындар арқылы балаларды денсаулықтарын нығайтуға тәрбиелеудің маңызы зор.
Ұлттық ойындар балабақшада балалардың жан-жақты дамуына зор үлес қосады. Олар қазақ халқының мәдени мұрасын таныстырып, балаларға ұлттық құндылықтарды үйретуге көмектеседі. Ұлттық ойындардың балабақшадағы маңызы бірнеше аспектіден тұрады:
Дене тәрбиесі. Көптеген ұлттық ойын, мысалы, «Аударыспақ», «Арқан тарту», «Бестемше» балалардың физикалық дамуына септігін тигізеді. Олар қозғалыс координациясын, ептілік пен шапшаңдықты дамытуға ықпал етеді.
Әлеуметтік дағдылар. Ұлттық ойындар балаларға бір-бірімен қарым-қатынас орнатуды, топпен жұмыс істеуді, ережелерді сақтауды үйретеді. Бұл балалардың әлеуметтік дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді.
Ақыл-ой дамуы. Кейбір ұлттық ойындар логикалық ойлауды, ережелерді түсінуді және зейін қоюды қажет етеді. Мысалы, «Бестемше» сияқты ойындар саналық қабілетті арттырады, баланың ақыл-ойын дамытады.
Ұлттық мәдениетті таныстыру. Ұлттық ойындар арқылы балалар қазақ халқының дәстүрлерімен, өнерімен танысады. Бұл ұлттық өзіндік сананы қалыптастыруға, мәдениетке құрметпен қарауға көмектеседі.
Тіл дамуы. Ұлттық ойындар балаларға қазақ тілінде сөйлесу, сөздік қорын байыту үшін тамаша мүмкіндік береді. Ойын барысында қолданылатын сөздер мен фразалар баланың тілін дамытады.
Құндылықтар мен тәрбие. Ұлттық ойындар арқылы балаларға ұжымдық рух, әділдік, сабырлылық, шыдамдылық сияқты құндылықтарды үйрету мүмкіндігі бар.
Ұлттық ойындар балабақшада балаларды денсаулығын нығайтып, психоэмоционалды жағдайын жақсартуға, сондай-ақ мәдени-рухани тәрбиелеуге ықпал етеді.
Балаларға ұлттық ойындарды үйретіп, оған өзгеше әр беріп, жаңартып өткізіп отыруды ата-аналар, тәрбиешілер бір сәт те естен шығармағандары абзал. Біздің балабақшада «Біртұтас» бағдарлама бойынша балаларды ұлттық ойындарға үйретудеміз. «Біртұтас» тәрбие аясында ата-аналар көмегімен «Ұлттық құндылық – Шаңырақ» ойыны жасалды. Бұл ойын баланы тез ойлауға, тапқырлыққа баулып, жаңа тақырыптарды жылдам меңгеруге ықпал етеді, сөз тіркесіне, ұйқастыруға дағдыландырады. Балаларымыз сүйсініп осы ойындармен ойнайды.
Жанар НАРМАХАНОВА,
«Еркетай» бөбекжайы, «Тұлпар» тобы