Ұлттық құндылықты қылқаламмен өрнектеген түлектер
Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінде №1 балалар көркемсурет мектебінің дәстүрлі «Түлек – 2026» көрмесі өтті. Шығармашылық кеште төрт жыл бойы көркемсурет өнерінің қыр-сырын меңгерген жас түлектердің дипломдық жұмыстары көпшілік назарына ұсынылып, олардың шығармашылық ізденісі мен кәсіби шеберлігі көрініс тапты.
Биыл мектепті 39 оқушы тәмамдады. Олар дипломдық жұмыстарында туған өлкенің тарихын, қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрін, мәдени мұрасын және рухани құндылықтарын көркем бейнелеу арқылы өзіндік шығармашылық көзқарастарын танытты. Әртүрлі техникада орындалған композициялық жұмыстар жас суретшілердің ойлау өрісінің кеңдігін, бояу үндестігін сезіне білетіндігін және кәсіби дайындығын айқын көрсетті.
Көрмедегі әр туынды белгілі бір ойды, өмірлік ұстанымды немесе ұлттық құндылықты дәріптейді. Жас суретшілер шығармаларында халқымыздың бай мәдениетін бүгінгі заманмен сабақтастырып, көрерменді ұлттық дүниетанымға жаңаша көзқараспен қарауға шақырады.
Экспозициядағы ерекше еңбектердің бірі – жас суретші Адия Құдайбергенованың «Дәстүр сабақтастығы» атты картинасы. Автор қазақ халқының «сырға салу» дәстүрін бейнелей отырып, отбасы құндылықтарын, ұрпақтар сабақтастығын және ұлттық тәрбиенің мәнін әсерлі көркемдік шешім арқылы жеткізе білген. Картинадағы кейіпкерлердің көңіл күйі мен ұлттық нақыштағы көріністер қазақы болмыстың терең мазмұнын ашып тұр.
Келушілердің ерекше ықыласына бөленген тағы бір шығарма – Анастасия Александрованың гуашь техникасында салынған «Алтыбақан» туындысы. Жұмыста қазақтың ұлттық ойыны арқылы жастықтың шаттығы, табиғаттың әсемдігі мен ұлттық дәстүрдің өміршеңдігі үйлесімді бейнеленген.
Мектеп ұжымының айтуынша, «Түлек» көрмесі – жас суретшілер үшін төрт жылдық еңбектің қорытындысы ғана емес, шығармашылық жолдағы алғашқы маңызды белес. Бұл – шәкірттердің өз жұмыстарын кәсіби орта мен көрермен назарына ұсынып, шығармашылық мүмкіндіктерін көрсетуіне берілетін үлкен мүмкіндік.
Қарағанды қаласындағы №1 балалар көркемсурет мектебі 1968 жылдан бері жас таланттарды тәрбиелеп келеді. Осы уақыт ішінде білім ордасы жүздеген дарынды шәкірттің өнер жолына бағыт-бағдар беріп, олардың шығармашылық қабілетін шыңдауға үлес қосты. Бүгінде мектеп түлектері Қазақстанның және шетелдердің беделді жоғары оқу орындарында білім алып, бейнелеу өнері, дизайн, сәулет және сән индустриясы салаларында табысты еңбек етуде.
Көрме соңында түлектерге мектепті аяқтағаны туралы куәліктер салтанатты түрде табысталды. Ұстаздар жас суретшілерге шығармашылық шабыт, тың ізденіс пен үлкен өнер жолында толағай табыс тіледі.
Осындай дәстүрлі көрмелер жас таланттардың шығармашылық әлеуетін танытып қана қоймай, ұлттық мәдениет пен өнерге деген қызығушылықты арттыруға, өскелең ұрпақтың эстетикалық талғамын қалыптастыруға және қазақтың бай рухани мұрасын дәріптеуге қызмет етеді.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»

