Ұлттық ұлан— ел қорғаны

Бүгін ҚР Ұлттық ұланы «Орталық» өңірлік қолбасшылығының №6505 әскери бөлімінде атқарушы билік өкілдері, қала жұртшылығы, әскери қызметшілер мен ардагерлер тәжік-ауған шекарасында әскери борышын өтеу кезінде 1995 жылғы 7 сәуірде қаза тапқан сарбаздарды бір минут үнсіздікпен еске алып, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Н.Р.Бикенов жиналғандарды 7 сәуір мен 7 мамыр аралығында өтетін әскери-патриоттық айлықтың ашылуымен құттықтады. Б.Бейсенов атындағы ҚР ІІМ Академиясының курсанттары қоян-қолтық ұрыс өнерін көрсетті, Н.Әбдіров атындағы мектеп оқушылары саптық әнмен марш жүріп өтті.

Бұл шара бәріміз үшін, сондай-ақ еліміздің жастары үшін үлкен тәрбиелік мәнге ие. Биыл Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 30 жылдығы, Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың 100 жылдығы, Халық Қаһарманы Роза Бағланованың 100 жылдығы аталып өтеді.

Әскери-патриоттық айлық кезінде әскери қызметшілермен, жастармен, ардагерлермен бірлесіп білім беру ұйымдарында, мәдениет мекемелерінде 160-қа жуық іс-шара ұйымдастырылады. Бұқаралық ақпарат құралдарында телехабарлар өткізу, мақалалар жариялау жоспарлануда.

Қаламыздың аз қамтылған отбасылары үшін 150-ден астам қайырымдылық акциясы ұйымдастырылады.

Іс-шара соңында әскери қызметшілер салтанатты маршпен өтіп, іс-шараға қатысушылар «Қазбат» көркем фильмін көруге шақырылды.