Әлия ерлігі – өшпес тарих
Қарағанды қаласындағы Әлия Молдағұлова атындағы облыстық мамандырылған олимпиадалық резервтегі мектеп-интернат-колледжінде Н.В.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналған «Әлия ерлігі – өшпес тарих» атты естелік сабақ өтті.
– Шараның мақсаты – Кеңес одағының батыры атағын иеленген қазақ қызы Әлия Молдағұлованың ерлігін нәсихаттау, жас ұрпақтың патриоттық сезімін қалыптастыру және тарихи сананы дамыту болды. Бұл шара осы мектепте өтуі де тегін емес. Себебі бұл мектеп батыл, қайсар қыздың атына берілген. Жалпы батырларымыз туралы ізденіп, білуге ұмтылатын жастардың бар екенін көру қуантады. Біздің кітапханамызда жинақтар мен тың деректер өте көп. Барша оқырманға кітапханамыз әрқашан да ашық, – деді Н.В.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директорының орынбасары Гауһар Нұрланқызы.
Бағдарлама аясында қатысушыларға арнап Ақтөбе облыстық мемориалдық мұражайы онлайн түрде қосылып, Әлия Молдағұлова туралы тың мәліметтер қамтылған бейнематериал ұсынды. Бұл арқылы оқушылар мен қонақтар батырдың өмір жолымен тереңірек танысуға мүмкіндік алды.
– Бұл шараның біз үшін маңызы зор. Өскелең ұрпақ батыр бабаларымызға қарап бой түзеп, сол кісілер сияқты қайсар да батыр болғысы келеді. Бүгін өзім білмейтін көптеген ақпаратпен таныс болдым. Барлығына алғыс айтамын. Әлия Молдағұлова атындағы мектепте оқитыныма мақтанамын, – деді 7-сынып оқушысы Медина Жақсыкелді.
Сонымен қатар Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжінің студенттері «Әлия» әнін орындап, мектеп оқушылары патриоттық әндер айтып, шағын сахналық көріністер ұсынды. Шараға келушілерге Н.В.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы «Шығыстың шынары» атты көрме ұйымдастырды.
Естелік сабақ тәрбиелік маңызы зор, мазмұнды түрде өтті. Мұндай шаралар жас ұрпақтың ел тарихына деген қызығушылығын арттырып, отансүйгіштік қасиетін нығайтады.
Ералы Ғани
«QH»