ӘЛИХАН БӨКЕЙХАНОВ ҰЛТШЫЛ МА?

ХХ ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалыстың көсемі, Алаштың Әлиханы атанған Әлихан Бөкейхановтың артында қалған мол мұрасында тек қазақ халқына қатысты ғана емес, әлемдік тарихқа, жеке тұлғаларға қатысты қызықты деректер мен құнды мәліметтер молынан кездеседі. Адамзат тарихында мемлекеттің саяси, экономикалық және мәдени дамуына өздерінің үлестерін қосып, тарихта есімдерін қалдырған көрнекті тұлғалардың есімдерін оқи отырып, Әлихан Бөкейханның терең білімді, көп ізденіп, көп оқыған интернационолист тұлға екенін байқауға болады. Ол бүкіл әлемдік тарихтағы қоғамдық үдерістерді жете бақылап отырған. Олардың қазақ даласына тигізіп отырған ықпалы жайлы өз пікірін жазып қалдырған.

Әлихан Бөкейхан тарихи тұлғаларға арналған арнайы мақалалары мен зерттеу еңбектерінде Ресей, Еуропа мен Орта Азия елдерінен шыққан, тіпті сонау ежелгі Греция мен Рим мемлекеттерінде өмір сүрген адамдар жайлы арнайы талдау жасаған ғалым. Олардың ұлы өнегесі мен істеген істерінің оң және теріс қырлары арқылы адамзат баласының даму тарихындағы оқиғаларды көрсетеді. Тұлғалардың өмірі мен қызметтері жайлы мәліметтерді қазақ халқының тағдырымен байланыстыра отырып, қазақтарды тарихи көштің артында қалып қоймауға шақырады. Мысалы 1915 жылғы «Қазақ» газетінің №109 санында жариялаған мақаласында ол орыстың атақты агрономы Николай Лукич Скалазубов туралы былай дейді: «Орыстарда аты шулы, ғылымы асқан, талай кітап жазған агрономның бірі еді. 1914-ші жылы Тобылға келіп, Сібір мұжықтарының шаруасын мәдени жолға түсірген Скалозубов болатын. Машинамен сары май алып, оны Лондонға апарып сататын сібір мұжықтарының игілік ісі Скалозубовтың бастауымен, үйретуімен көгеріп, көркейген іс. Мұндай Сібір шаруасын жақсы білетін һәм жұрт шаруасын ілгері басуға өнегелі, өнерлі іс қылған адам жоқ. Сібір мұжықтарына бірлесіп іс қылуды үйретті…», [1, 280 б] деп жаза келе оның іс-әрекетінен қазақ даласында жер шаруашылығымен айналысудың, бірлесіп жерді өңдеудің қазақ үшін өте маңызды екенін көрсетеді. Жер өңдеуді сібірлік шаруалардан үйреніп, қазақ ұлтының жер мәселесіндегі алдағы уақыттағы атқаратын істеріне жол сілтейді. Сонымен қатар Әлихан Бөкейхан патша үкіметінің қазақ даласындағы отаршылдық саясатынан зардап шегіп және зиян көріп отырған қазақ шаруаларының тұрмыс-тіршілігін баяндайды. Сол саясатты Н.Л. Скалозубовтың қалай сынағанын айтып өтеді: «Үшінші думада қазақ жері үшін қазақтың өз депутатындай қызмет атқарды. Бюджет мәжілісі болғанда қазақты қорғап, сйлемей қалмайтын. Комиссияда қазақ шаруасы, қазақ халі туралы істеген ісін кітап қылып шығарды. Қазақ жайынан сөйлеген сөздері дума комиссиясының 1909-шы жылғы отчетында бар. Қазақ 15 десят. жер алғанмен аз уақытта егінші бола ма? Мал шаруасы егін шарусына қанша уақытта айналмақшы. Қазақ жерінде мұжықта мал бағуға құл. Жердің түбіне қараған сібір мұжығы да малды көп ұстайды. Жұрт шаруасын саясат ісіне көгендеп, жәбір қылып отырсындар дейтін» [1, 281 б]. Сонымен қатар Сколозубовтың мына пікірін келтіреді: «…қазақ жайын орыс обществосы білмейді; қазақ ісі, қазақ шаруасы біздің жұртқа басшы саясат жолындағы кісілерімізге қараңғы. Думада жетекшіл көп депутат бәрі қара көңіл жәбіршіл, біле тұра қазаққа жәбір ісін қуаттайды деп залалды іске қол қойып отыр. Сондықтан қазақ тұрмысы, қазақ салты, шаруасы туралы орыс тілінде кітап шығарып, газета, журналдарға жазып орыс жұртының саясаттағы адамдарының көзін ашу зор мақсұт іс дейтін» [1, 281 б]. Осыған сәйкес Әлихан Бөкейхан Ресейден шығатын мерзімді басылымдарға орыстың озық ойлы саясаткерлеріне түсінікті болу үшін, қазақ жұртының жайын білдіретін мақалаларын жазды. Өйткені Үшінші Мемлекеттік Думадағы Скалозубов сияқты озық ойлы орыстың зиялы депутаттары қазақты қолдап, сөз сөйлеген. Мысалы, Скалозубов «Қазақ жері үшін байлап апармаса жерлерге барып, көрмейтін есіктерді көрген».

Н.Л.Скалазубовтың тұлғалық қасиеттерін жоғары бағалап көрсете білген. Соның бірі айыпталған бір топ қазақ азаматтары жайлы, 1910-шы жылы Әлихан Бөкейханның інісі болғандықтан Смахан, Ж.Ақбаевтың туысы, Ахмет Байтұрсынұлының өлеңін халық арасында насихаттаған Бодаубек. Ахмет, Райымбек баласы Сүлеймен жер аударылады. Осы қазақ азаматтарының мерзімінен бұрын босатып, үйлеріне қайтаруларына да Скалозубовтың көмектескендігі жайлы былай дейді: «…Столыпинге неше қайтара барып, байды сөзге түсіріп, осы алты жігіттің қайтуына көп қызмет өткізген де… Н. Л. Скалозубов болатын. Осындай қызмет қаруы жұртқа, жұрт азаматына тиген есіл ер Н.Л.-ды біздің «Қазақ» жоқтамасқа бола ма?» «Бірігіп іс қылған есіл ер Николай Лукич кезегің мезгілсіз келіп кеткенің де! Сен кеткен соң қазақ, ісінің көбі жетімсірер» Қош, Николай Лукич, дегеннен басқа қолымыздан келер жоқ!» [1, 281 б]. Әлихан Бөкейхан Скалозубов тәрізді тамаша адамның өмірден өткеніне осындай өкініш білдіреді.

Әлихан Бөкейханның 1915 жылы «Қазақ» газетіне арнайы жазған мақаласының бірі ғалым И. Мечниковтің туғанына 70 жыл толуына байланысты. Бұл мақаласында Әлихан Бөкейхан бірінші дүниежүзілік соғыстың салдарынан атақты ғалымның мерейтойының аталмай жатқанын айтады. Оның пікірінше И. Мечников «ХХ ғасырдың жұрттан озған ағасы» «35 жылдан бері Франциядағы Париж шаһарында тұр. Сонда Пастор институты деген бір үлкен ғылым жұртының атқарушысы. Бұл институт жер үстінде болған бір ғылым дүкені. Онда ғылым жолына жүйрік, талапкер болса, сен кімсің деп талғамай, қабылдай береді». Әлихан Бөкейхан И.Мечников тәрізді ғалымның іс-әрекетін және Пастор атты институттың бар екенін қазақ даласына жеткізеді. Француз ғалымы Пастордың ашқан жаңалықтары құтырған ит қапқан адамға пайдаланатын дәріні тапқандығын айта келіп, И.Мечников жұқпалы ауруларды әрі қарай зерттейді және ол қазақ даласындағы осы аурулардың түрлерін емдеу, олардың қалай жұғатындығын зерттей келе, өзінің жасаған қорытындыларын береді. И.Мечниковтың ғылым жолындағы еңбегінің нәтижесін 1911 жылы Швед академиясы жоғары бағалап, оған Нобель сыйлығы – 100 мың сом бәйге бергендігін айтады.

Әлихан Бөкейхан осы мақаласында адамдардың ұзақ жасайтын себептерін анықтап, сүт, айран, қымыз тәрізді тағамдарды адам баласы неғұрлым көбірек пайдаланса, олар ұзақ өмір сүреді деген ғылыми пікір айтқандығын жазады. XXI ғасырдың басында да жиі айтылып жүрген экологиялық таза өнімдер, яғни адам ағзасына қажетті қазақ даласындағы дәстүрлі ұлттық тағамдардың қаншалықты пайдасы бар екендігін Әлихан Бөкейхан сол кезде-ақ көре біліп, «Қазақ» газеті арқылы халық арасында насихаттаған.

Азаттық қозғалысты біріктіретін, бастайтын басшының, саяси партияның қажеттігін түсінген Әлихан Бөкейхан басқа мемлекеттердегі көшбасшылар мен жекелеген тұлғалардың өмірі арқылы қазақ даласында үгіт-насихат жұмысының жаңа бір бағытын ұстанған. Соның бірі «Қыр баласы» деген бүркеншік атпен 1913 жылғы «Қазақ» газетіне жариялаған «Бебель» деген мақаласынан көруге болады.

«А.Бебель 27 жасынан бері Рейхстагқа (бұл Германия жұртының думасы) жұмысшы партиясы әрқашан сайлайтын депутаты еді. Жер үстінде Бебельден шешен адам баласы жоқ десе кінә емес еді… Қайда жүрсе кемде жүрген бишара жұмысшылар жағына шығып, бұларды біріктіріп, басын қосып, партияға айналдырып, 1867-інші жылы қызметші депутаты жалғыз Бебель еді. Осы адам өзіне-өзі риза болып мақтанарлық істің бәрінің басшысы, ұйытқысы әзелден артық туған сабаз Бебель… Тусаң Бебельдей болып ту, жасасаң ғұмырды Бебельдей жаса!». Бұл мақалада Бебель сияқты қазақ даласында ұлты үшін қызмет жасайтын азаматтар болса екен деген Әлихан Бөкейханның арманы байқалады. Сол арманының орындалғандығының бір белгісі – Әлихан Бөкейхан төңірегіндегі Алаш зиялыларының ұлт-азаттық қозғалысқа араласуы және «Алаш» партиясын құруы.

Әлихан Бөкейхан қазақтың тұңғыш ағартушы ғалымы, аққан жұлдыздай жарқ еткен тамаша тұлғаның бірі – Шоқан Уәлихановтың өмір жолында кездескен П.С. Семенов туралы да мақала жазған.

Оның Г.Н. Потанин бірлесіп Карл Риттердің «Азия» деген кітабын орыс тіліне аударғанын жазады. Бұл кітапқа екеуінің қосқаны Риттер кітабынан аз емес. Осы қосымшада жазылған біздің қазақ жері. Алтай, Тарбағатай, Жетісу, Іле, Алатау, Ыстықкөл, Хан Тәңірі. Европа адамында осы айтылған жерлерді ең алғаш барып, жазған П.П. Семенов еді. 1859 жылы, Түркістанға барып қайтып келе жатып, Омбыда жас офицер Г.Н. Потанинмен біздің қазақтың орысша оқығанының жалғызы  Шоқанға жолыққан. Шоқан мен Потанинді Ғылым жолына бастаған осы Семенов еді. Семеновтың ақылымен Шоқан, Потанин Петерборг болып, университетке келіп тыңдайтын студент болған. 1888-інші жылы Семенов Түркістанға тағы барып, жазған мақаласы, «Түркістан һәм Закаспий край». Осы мақаласы арқылы Әлихан Бөкейхан Ұлы даланы зерттеген атақты ғалымды қазақ оқырмандарын тағы да газет арқылы таныстыра келіп, П.Семенов тәрізді ғалымдар да қазақ арасынан шықса деген үмітін көрсетеді.

Әлихан Бөкейханды кеңес үкіметі ұлтшыл деп жазалады. Алайда біз талдап отырған мақалалар оның жабылған жала екенін дәлелдейді. Өз кезегінде орыстың алдыңғы қатарлы демократтары Әлихан Бөкейханмен дос болған және оның халқының бостандығы, тәуелсіздігі туралы көзқарастарын қолдап, өз пікірлерін айтқан. Солардың бірі Г.Н. Потанин Қызылжар оязындағы Сібірдің атты казактың баласы. Әкесі казак-орыстың жүз басысы Баянауылдың Тұз қала дейтін қаласында 21 сентябрьде 1835 жылы туған. Ол туралы Әлихан Бөкейханов былай деп жазған: «Г.Н. Омбыда кадетский корпуста Шоқанмен бірге оқып дос болған. Қырық жыл қоймай қуып жүріп 1904 жылы Шоқанның екі кітабын бастырған. 1863 жылы Қытай мен Россияның шегін шектеген комиссияның ағзасы болып жүріп, қазақша жазу үйреніп, қазақтың, Алтайдағы түрік жұртының әдебиетімен салыстырып адам баласының тарихы жолында көп мағыналы іс шығарған. «Восточные мотивы в средневековом европейском эпосе» деген кітабында күнбатыстың әдебиетіне қор болған, үлгі болған күншығыстың ауыз айтып жүрген ертегі, жыр, мақал, өлеңі деп жазған адам. «…1863 жылы осындай данышпанды, «сен Сібірді бөліп автономия қылам деп жүрсің» деп неше жолдастарымен үкімет ұстап абақтыға салып байлады. Омбыда абақтыда бір жыл отырды. Г.Н. қарап жатуды білмейді. Омбыдағы кеңселердің ескі қағаздарын қарастырып, қазақтың Абылай хан заманындағы тарихы туралы көп әңгіме тапты. Неміс Карл Риттердің «Азия» деген кітабын орыс тіліне басып қазақ тарихы туралы  көп қосымша жазған. Бұл қосымшаның бірі мынау: Абылай ханның Қошқарбай деген батыры «Қошқарбайдың жұрағаты осы күні, Чарлақ оязы Ақмола губерниясы, Қараөзек деген жерде, Ертістен 10-15 шақырым. Қошқарбай-қыпшақ. Омбы қаласы тұрған жерден жоңғарды Об өзенін өткізе қуып тастаған. Бұл туралы Барнаул оязында Сібір мұжығының айтып жүрген әңгімелері бар. Мұжықта Қошқарбай жоңғарды Об өзенін асыра қуды дейді. …Саяси жолындағы бізге жылы көрінетін бір негізді пікірі мынау: «Елдің тұрмысын, тілін, мінезін білмеген кісі көш басын алып жүре алмайды. Олай болса көп ұлттан құралған Россияны бір орыстың билеймін дегенінде мағына жоқ. Россия өзге тілі, тұрмысы, қаны басқа жұртқа автономия беруі керек» дейтін Г.Н.»

«Қазақты автономия қылсақ, Қараөткел Алаштың ортасы, сонда универсиетт салып қазақтың ұлын, қызын оқытсақ, Қозы-Көрпеш – Баянды шығарған, Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақыпты тапқан қазақтың кім екенін европа сонда білер еді-ау» дейтін Г.Н. «Қозы Көрпеш – Баянда» Баян махаббат жолына өзін құрбан қылған. Мұны шығарған жұрт махаббаты сынай, бағалай біледі. Мұндай жұрттың қатыны келешекте кіммен болса да қатар «отыруға ұялмайды» дейтін Г.Н.»

Әлихан Бөкейханов сондай-ақ «қазақты туғанындай жылы көріп, оған қорған болған» Потаниннің іс-әрекеттерін «әулиенің ісіндей» деп бағалайды.

Ә.Бөкейханов Алаштың азаттық арманын  Г.Потаниннің ой-пікірі арқылы шебер берген. Қазақтың өзінің астанасы бар тәуелсіз ел атанып, ал ондағы жастарының білім алатындығы «Алаш» партиясының бағдарламасына негіз болды Н.Г. Потанин айтқан «Қараөткел Алаштың ортасы» ол бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның қаласы Астана, «сонда университет салсақ» деген ойының бүгінгі дәлелі ол халықаралық «Назарбаев университеті», Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті және басқаларында қазақтың ұл-қыздары бірнеше тілді білім алуда. Қазақтың кім екенін Еуропа ғана емес, бүкіл әлемге танытқан азамат туды. Ол Тәуелсіз Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Тәуелсіздіктің 30 жыл ішінде біздің Елбасы әлемдік қауымдастыққа қазақтың кім екенін және оның мемлекеті қандай екенін танытып үлгерді. Біріккен Ұлттар Ұйымына Қазақстан мүше болып қабылданғаннан бері, әлемнің азулы мемлекеттерімен иық түйістіріп отыратын және қазақ елімен санасатын мемлекетке айналды.

Осы уақыттан бері Қазақстан тек қана халықаралық қауымдастықтың мүшесі ретінде қабылданып қоймай, сонымен бірге онда өзінің лайықты орнын таба білді. Қазақстан БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының биік мінберінен халықаралық өзекті мәселелерге қатысты ұсыныстар білдіруге мүмкіндік алды. Бұның бәрі кешегі Алаш зиялылары армандап өткен тәуелсіздіктің арқасы деп білеміз.

Өз көзінің тірісінде тарихи тұлғаға айналған Әлихан Бөкейханов әр халық өзінің ұлттық ерекшелігін, озық салт-дәстүрін заман талабына сәйкестендіріп, әлемдік дамудың прогресіне қосылғаны дұрыс деп тұжырымдады. Ол үшін әлемдік тарихи тұлғалардың өмір жолдары мен қызметтерінің озық үлгілерін, ашқан ғылыми жаңалықтарын оқып білу арқылы ғана әлемдік қауымдастықта өз орнын алатынын болжады. Тек өз ұлтының ғана емес өзге ұлттардың көрнекті тарихи тұлғаларының да еңбектерін бағалай білген, олардан  жақсылық пен жаңалықтарды үйренуді дұрыс деп санаған Әлихан Бөкейхановтың рухани мұрасының әлемдік өркениетте өз орны бар екені даусыз. Ол еш уақытта тар ұлттық шеңберде ойлап, болашақты болжағандар қатарында болған емес! Алаш зиялыларының мұрасын жан-жақты зерттеу, зерделеу және олардан тарихи сабақ алу бүгінгі ұрпақтың санасына ұлтшылдық пен ұлтжандылық деген ұғымның парқын түсіндіру парызымыз. Біздің пікірімізше, Әлихан Бөкейхановтың өзге ұлттардың тарихи тұлғалары жайлы жазған мақалаларының негізгі мақсаты да осында болар.

Н.А. Бейсенбекова

Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды

 университеті

« Тұлғатану» ғылымизерттеу орталығының директоры


Пайдаланылған әдебиеттер:

1 Бөкейханов Ә. Шығармалар. – Алматы: Қазақстан, 1994. -384 б.

  1. Алаш арыстары. Ой-толғау. Ә.Бөкейханның 150 жылдығына арналған. – Қарағанды: «TENGRI Ltd», 2016. -52 бет.