Әлемдік жарыстағы жарқын жеңістер
Қарағанды облысының спортшылары халықаралық аренада тағы бір жарқын жетістікке қол жеткізді. Ташкент қаласында өткен дойбыдан Азия чемпионатында өңір намысын қорғаған спортшылар сегіз медаль жеңіп алып, ел қоржынына қомақты үлес қосты. Оның ішінде Азия чемпионы атағы да бар.
Аталған дода 100 және 64 шаршы дойбы бойынша ұйымдастырылып, құрлықтағы ең ірі жарыстардың біріне айналды. Азия дойбы конфедерациясы өткізген чемпионатқа 13 елден 300-ден астам спортшы қатысты. Жарыс бірнеше жас санаты бойынша өтіп, «классика», «рапид», «блиц» және түрік дойбысы сынды бағыттарды қамтыды. Мұндай кең формат турнирдің бәсекелестік деңгейін айтарлықтай арттырды.
Қазақстан құрамасы сапында Қарағанды облысынан жеті спортшы өнер көрсетті. Олар Балқаш, Теміртау және Абай аудандарының намысын қорғады. Команда құрамындағы ойыншылардың дені – халықаралық және республикалық жарыстарда тәжірибесі бар спортшылар.
Чемпионаттың басты жаңалығы – Манара Әбеубекованың жоғары нәтижесі болды. Ол жеті бағдарлама бойынша түгел өнер көрсетіп, әрқайсысында жүлдеге ілікті. Нәтижесінде спортшы бір алтын, бес күміс және бір қола медаль иеленді. Әсіресе, 64 шаршы дойбының классикалық бағдарламасында қарсыластарынан басым түсіп, Азия чемпионы атанды.
– Бәсеке өте жоғары деңгейде өтті. Әсіресе Моңғолия мен Қытай спортшылары мықты қарсылас болды. Финалдық партияда Өзбекстаннан келген тәжірибелі ойыншымен кездесіп, тартысты ойын өрбіді. Соған қарамастан, жеңіске жету бұйырды, – деді Манара Әбеубекова.
Айта кетейік, Манара Әбеубекова – халықаралық жарыстарда тәжірибесі мол спортшы. Ол бұған дейін де бірнеше мәрте жүлдегер атанып, 2024 жылы әлем чемпионатында күміс медаль жеңіп алған. Бала кезінен дойбымен айналысқан спортшы 2006 жылдан бері тұрақты түрде жарыстарға қатысып келеді.
Қарағандылық тағы бір спортшы Аружан Батыршаева 22 жасқа дейінгі қыздар арасындағы классикалық бағдарламада қола жүлдеге ие болды. Бұл – жас спортшының халықаралық деңгейдегі маңызды жетістіктерінің бірі.
Ал тәжірибелі ойыншылардың бірі Мария Костицына 100 шаршы дойбыдан блиц бағдарламасында төртінші орын алып, жүлдеден сәл ғана қалып қойды. Чемпионатта дебют жасаған жас спортшылар да назардан тыс қалған жоқ. Олардың қатарында Олег Фёдоров ерлер арасында лайықты ойын өрнегін көрсетсе, Балқаш қаласындағы оқушылар сарайының тәрбиеленушілері Омархан Мәжікенов, Камила Қасенова және Сәнім Сағатова алғаш рет халықаралық деңгейде өнер көрсетіп, тәжірибе жинақтады.
Сарапшылардың пікірінше, соңғы жылдары дойбы спортына деген қызығушылық әлем бойынша артып келеді. Мәселен, Еуропа елдерінде бұл спорт түрі мектеп бағдарламасына енгізіліп, балалардың логикалық ойлау қабілетін дамыту құралы ретінде қарастырылады. Ал Ресей, Нидерланд және Қытай сияқты елдерде кәсіби дойбы федерациялары жүйелі түрде жұмыс істеп, халықаралық турнирлер жиі өткізіледі. Халықаралық зерттеулерге сәйкес, дойбымен тұрақты айналысатын адамдардың стратегиялық ойлау, шешім қабылдау жылдамдығы және зейін деңгейі жоғары болады.
Осы тұрғыда Қарағанды облысы спортшыларының жетістігі – зияткерлік спорттың дамуына қосылған үлес. Халықаралық аренадағы мұндай нәтижелер жас буынның қызығушылығын арттырып, өңірде дойбы мектебінің қалыптасуына серпін береді.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

