Әлем чемпионы
ММА және жауынгерлік самбодан әлем чемпионы Санжар Әділов Қарағанды облысындағы өрт сөндіру бөлімінде жүргізуші болып жұмысқа орналасты. Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, Санжар Әділов өрттерді жою және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізумен айналысатын болады, сонымен қатар әлемдік аренада ел намысын қорғауды жалғастырады.
– Мен түрлі жарысқа қатыстым. Шамамен 6 жастан бастап спортпен айналыстым. Гимнастикадан бастадым, әртүрлі спорт түрімен айналыстым, күрес, бокс, каратэ және футбол да ойнадым. 15 жасымда ММА-ға келдім, досым жарысқа қатысуға шақырды. Қатыстым және алғашқы жарыстардың өзінде бірінші болып, чемпион атандым. Маған соққы беру, рингтегі атмосфера қатты ұнады, – дейді ММА және жауынгерлік самбодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Санжар Әділов.
Санжар Төтенше жағдайлар департаментінде жұмыс істеуді таңдағанына еш өкінбейтінін айтады. Отбасы да осы жаңалыққа қатты қуанып, оның тұрақты жұмысқа орналасқанына ризашылық білдірді.
– Отбасым өте қуанышты болды. Спортшының өмірі, білесіздер, жекпе-жектен жекпе-жекке, гонорар аласың, тұрақтылық жоқ. Кейде демеушілер көмектеседі, қолдайды, үлкен ағаларым қолдайды. Бірақ бұл әрине тұрақты емес. Ал қазір ТЖ қызметінде жұмыс істеу мүмкіндігі пайда болды. Отбасыма бұл өте қуанышты хабар болды, менде тұрақты жұмыс бар, – деді Санжар Әділов.
Санжар спортта жетістікке жету үшін тәртіп пен адалдықтың маңыздылығын ерекше атап өтеді.
– Дисциплина бәрінде. Күн тәртібінде, тамақтануда да – дисциплина. Фастфудтарды қоясың, дұрыс тамақтанасың. Бұл организмге әсер етеді, тыныс алу, функционалдық бөлігінде. Жаттығуда шаршамау үшін, жаттығулар, ұйқы, тәртіп – бәрі маңызды. Түнгі бейберекет жүріс, алкоголь – спортшыға өте теріс әсер етеді.
Санжар Әділовтің өмірі спорт пен қызметті ұштастыра білген ерекше тұлғаның тарихы. Ол кәсіби спортшы бола отырып, қоғамның қауіпсіздігіне де үлес қосуға бел буды. Бұл әрекеті спортшылардың тек жеңіске жету үшін ғана емес, сонымен қатар қоғамға пайда тигізу үшін де қызмет етуі керегін көрсетеді.
Айдын ЖОЛҚҰТТЫТЕГІ, «QH»