Әл-Фарабиді қазаққа қайтарған Әл-Машани

Қарағанды қаласы әл- Фараби атындағы мектепгимназияда отандық фарабитанушы Ақжан Жақсыбекұлы әл- Машани кабинеті ашылды. Ақжан Жақсыбекұлы әл- Машани — геолог ғалым, тау-кен инженері, геология- минералогия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының алғашқы құрылтайшыларының бірі және академияның корреспондент- мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Қазақстанда Фарабидің қайта тууына көп қайрат жұмсаған еңбеккер ғалым ретінде танылған.

Кабинеттің ашылу салтанатының алғы сөзі мектеп- гимназия директоры К. Д. Оспановаға беріліп, құрметті қонақтар Қарағанды қаласы Білім бөлімінің басшысы Әшім Есентай Мұқатайұлы және машанитануда ерен еңбек атқарып жүрген тарихшы ғалым, академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті Қазақстан тарихы және Қазақстан халқы Ассамблеясының аға оқытушысы, тарих магистрі, тарих факультеті деканының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Смағұлов Нұртас Бірлікұлына кабинеттің лентасын қию мәртебесі мен құттықтау сөз берілді. Сонымен қатар құрметті қонақтардың қатарында тарихшы, «Орталық Қазақстан» газетінің шолушысы Төлеуов Ерғазы Қадашұлы және Ақжан атамыздың жақын туысы, ақын Әсет Мұттахиұлы естеліктерімен бөліссе, өнердің ақ туын берік ұстаған Ербол Нұргелдіұлы өзінің арнауын орындап берді. Мектеп- гимназияның жас зерттеушілері кабинеттің таныстырылымын өте мазмұнды ұсынды. 4 «Ғ» сыныбының бір топ бүлдіршіні қорытындылаған салтанатты жиын өз мәресіне жетіп, алдағы уақытта өз орнын ойып тұрып алатын шараларға толы болмақ.

Ақзия ОРАЗАЛИЕВА,

«QH»