Курсанттар дрон басқаруды меңгеруде
Құқық қорғау саласына заманауи технологияларды енгізу қарқынды жүріп жатыр. Соның айқын дәлелі – ІІМ-нің Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясы курсанттарының ұшқышсыз ұшу аппараттарын (дрон) басқаруды меңгеруі. Мамандардың айтуынша, бұл – жаңа буын полиция қызметкерлерін даярлаудағы уақыт талабы.
Академияда арнайы зертхана ашылып, онда курсанттар дрондарды басқару ғана емес, олардың техникалық ақауларын анықтау және жөндеу дағдыларын да игеруде. Оқу процесі толықтай нақты қызметтік жағдайларға барынша жақындатылған сценарийлерге негізделген.
«Бүгінгі таңда ұшқышсыз авиациялық жүйелерді меңгеру – болашақ мамандар үшін өте пайдалы бағыт. Бұл курсанттардың кәсіби дайындығын жаңа деңгейге көтереді», – дейді Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясы бастығының орынбасары Ерлан Намысов.
Курсанттар дрон арқылы әуеден бақылау жүргізуді, құқық бұзушылықтарды тіркеуді және жедел жағдайды бағалауды тәжірибе жүзінде үйреніп жатыр. Мұндай тәсіл олардың шешім қабылдау қабілетін де жетілдіреді.
«Академиямызда ұшқышсыз авиациялық жүйелер зертханасының ашылуы – біз үшін үлкен мүмкіндік. Бұл болашақта кәсіби полиция қызметкері болуға қажет заманауи білім мен тәжірибе береді», – дейді 207-ші оқу тобының курсанты Нұрсая Балтабаева.
Академия өкілдері мұндай жаңашылдықтар кадр даярлау жүйесін заман талабына сай жетілдіруге бағытталғанын айтады. Алдағы уақытта дрондар полиция қызметкерлері үшін рация немесе қызметтік көлік секілді күнделікті жұмыс құралына айналуы мүмкін.
Осылайша, ұшқышсыз технологиялар құқық қорғау саласының оқу процесіне терең еніп, болашақ полицейлердің кәсіби дайындығын жаңа деңгейге көтеріп отыр.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»

