Конституцияға енгізілген өзгерістерде әр Қазақстандықтың мүддесі көзделеді

Конституцияға енгізілетін өзгерістерде әр қазақстандықтың мүддесі көзделеді. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев референдум өткізу арқылы халықтың өзінің таңдау жасауына жол ашты. Президенттің пікірінше, референдум әрбір азаматқа ел тағдырын шешуге тікелей қатысуға мүмкіндік беріп, жан-жақты демократияландыру мен Жаңа Қазақстанды құру жолындағы бағытымызды нығайтады.
Қазақстан Конституциясына бұған дейін бірнеше рет түзетулер енгізілсе де, қарапайым халықтың пікірін ешкім сұраған жоқ, мұндай түзетулер тек Парламент қарауымен бекітіліп келген еді. Президент Жолдауда ұсынған бастамалар бойынша енді халықпен санасатын, билікке халықтың мұң-мұқтажын жеткізетін азаматтардың келуіне мүмкіндік беріп, қоғамда олардың үнінің айқын естілуіне жол ашатын кез келді.
Иә, елімізде референдум тек 1995 жылы өткізілген. Тәуелсіздік жылдары туып-өскен ұрпақтың оның не екенін білмеуі әбден заңды. Демократиялы, зайырлы Жаңа Қазақстан осы олқылықтың орнын толтыруды көздейді, елдің Негізгі Заңы халықтың қалауымен қабылдануы керектігін көрсетеді. Демек, заң шығару үрдісіне халықтың өзі тікелей қатысады.
Жұмыс тобы Ата Заңның 33 бабына түзетулер әзірледі, оған сәйкес Конституцияның үштен бір бөлігіне өзгеріс енгізіледі. Осы өзгерістерді енгізу туралы заң жобасы Конституциялық кеңестің қарауына жіберілді. Президент кеңестің жақында өз шешімін жариялайтынын айтты.

Эльмира Маликова

Қарағанды қаласының маслихат депутаты