Колледждерде құжат қабылдау жүріп жатыр
Қазақстанда 25 маусымнан бастап техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында құжаттарды қабылдау басталды, деп хабарлайды Қазақстанның Білім министрлігінің баспасөз қызметі. Өтініштерді egov.kz порталы арқылы электронды түрде жолдауға болады.
Колледжге түсу үшін 9-сынып түлектері 25 маусым мен 18 тамыз аралығында, ал 11-сынып түлектері 25 маусым мен 20 тамыз аралығында өтініш бере алады.
Орта буын және қолданбалы бакалавр мамандықтарына түсушілер үшін аттестаттың орташа балы негізінде қабылдау жүреді. Рейтингті міндетті және бейіндік пәндерді бағалаудың орташа конкурстық балы бойынша автоматтандырылған ақпараттық жүйе жүргізеді.
Жұмысшы мамандықтарға түсетін түлектер әңгімелесу қорытындысы бойынша колледжге қабылданатын болады.
Педагогикалық, медициналық және шығармашылық мамандықтарға түсуші талапкерлер арнайы немесе шығармашылық емтихан немесе әңгімелесу тапсырады.
Оқуға түсушілер үшін конкурстар 19-25 тамыз аралығында, өнер және мәдениет мамандықтары бойынша – 29 шілдеден 2 тамызға дейін өтеді.
Талапкерлер төрт колледжге бірден төрт мамандық бойынша құжаттарды тапсыра алады. Жаңа оқу жылында мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша барлығы 145 мың талапкерді қабылдау жоспарлануда – бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 мың адамға артық.
ҚР Білім министрлігінің баспасөз қызметінің ақпараты негізінде