Кофе тарихы

Кофе – әлемдегі ең көне әрі тарихы тереңге жайылған сусындардың бірі. Шамамен 2000 жыл бұрын Эфиопия жерінде қойшы Калдим кофе дәндерінің ерекше қасиетін алғаш байқаған деседі. Осылайша, «сиқырлы» сусынның тарихы басталды. Кейін бұл сусын араб ұлтының күнделікті тұтынатын сусынына айналды. Ұзақ уақыт бойы Эфиопия кофені өз елінің ерекше құпиясы ретінде сақтап, экспортқа шығаруға тыйым салған. Кофені шекарадан алып шыққандарды өлім жазасына кесу туралы заң да болған. Алайда уақыт өте келе кофе бүкіл әлемге таралып, қазіргі таңда ең танымал сусындардың біріне айналды.

Біздің тұтынушыларымыз дәстүрлі әрі сапалы кофені таңдайды, дейді бариста Асылжан Махметова. Оның айтуынша, әлемде кофенің бес негізгі түрі бар: арабика, робуста, либерика, эксцельса және стенофила. Әрбір түрдің өзіндік ерекшелігі, дәмі және дайындалу тәсілдері бар. Кофе өндірісі бойынша көшбасшы елдерге Бразилия, Вьетнам, Колумбия, Индонезия және Эфиопия жатады. 2017 жылғы статистикаға сәйкес, әлем бойынша 9,56 миллион тонна кофе өндірілсе, оның 3,16 миллионы Бразилияға тиесілі. Сол жылы әлемдік нарықтағы кофенің құны 30,4 миллиард АҚШ долларын құрады. Кофенің хош иісі мен дәмі көптеген адамға ұнайды, бірақ оны мөлшерден тыс қолдану денсаулыққа зиянын тигізуі мүмкін. Мәселен, әйгілі жазушы Оноре де Бальзак кофені шамадан тыс тұтынғаны үшін жүрек ауруына шалдыққан.

– Күнделікті өмірде кофе сергектік сыйласа да, оның мөлшерін қадағалап ішкен жөн. Бірақ кофе тек зияны емес, шабыт көзі де болуы мүмкін. Иоганн Себастьян Бах «Кофейная кантата» атты туындысын осы сусынға арнаған. Сонымен қатар, кофе өзге де ұлы ойшылдар мен жазушылардың шығармашылығына әсер еткен, кофенің кері әсерлеріне назар аудару қажет, – дейді бариста Асылжан Махметова.

Бүгінгі таңда кофені жылдам әрі ыстық немесе салқын күйінде әзірлеуге болады. Оған қосылатын сүт, сироптар мен түрлі хош иістер сусынның дәмін ерекше етеді. Бариста Асылжанның айтуынша, кофе – жай ғана сусын емес, ол адамдарды біріктіретін ерекше мәдениет екен. Кофе туралы деректер оның тарихы мен маңыздылығын ғана емес, оның адам өміріне тигізетін әсерін де тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Ал сіздің сүйікті кофеңіз қандай?

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,                               

«QH»