Кінәні мойындауға және залалды өтеуге байланысты 135 азамат бас бостандығын шектеуге және қоғамдық жұмыстарға тартылды

Бас прокуратура қаңтар оқиғалары кезеңінде орын алған қылмыстардың тергелу барысы туралы хабарлайды. Бұдан бұрын хабарлағандай, Президенттің тапсырмасы бойынша «қайғылы қаңтар» оқиғаларын тергеумен арнайы прокурорлардың басшылығымен ведомствоаралық жедел-тергеу топтары айналысуда. Олардың өндірісінде 262 қылмыстық іс бар, оның ішінде 44 терроризм актілері, 47 жаппай тәртіпсіздіктер бойынша. Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Бас прокуратураның 1 қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов ресми мәлімдеме жасады.

«Осы қылмыстарды ұйымдастырушылар мен қатысушыларды анықтау және жауаптылыққа тарту бойынша барлық қажетті шаралар қабылдануда. Бүгінгі таңда 547 адам жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыруға және оған қатысқаны үшін күдікті деп танылды, олардың 269-ы қамауда. Жалпы ел бойынша тергеу органдары 3 702 қылмыстық істі тергеуде. Олардың басым көпшілігі – ұрлық, тонау, қаруларды жымқыру және басқа қиын емес қылмыстар. Егер адамдар анықталса, қажетті тергеу әрекеттері жүргізілгеннен кейін, істер бірден сотқа жолдануда. Осы қылмыстар үшін соттар 152 адамды соттады. Мемлекет басшысының ауырлататын мән-жайлар болмаған кезде жазаны жеңілдету жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында прокурорлар соттарды бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаларды тағайындауға бағыттауда. Бүгінгі күні кінәні мойындауға және залалды өтеуге байланысты 135 азамат бас бостандығын шектеуге және қоғамдық жұмыстарға тартылды», — деді спикер.