Әкім грантын кім иеленді?

Қазіргі таңда қоғамдағы жұмыссыз азаматтардың санын азайту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының санатына кіреді. Себебі түсінікті. Жұмыспен қамту деңгейі артқан сайын, әлеуметтік осал топтардың саны азаяды. Сәйкесінше елдің экономикалық әлеуеті де артпақ.

Жастарды жұмыспен қамтудың көздегені оларға қызмет тауып берумен ғана шектелмейді. Қайта істеймін деген құлшынысы бар азаматтардың кәсіп ашып, бизнесін дамытуына да қолайлы жағдай жасалып, барынша қолдау көрсетіледі. Осы ретте биыл 16 мамырда Қарағанды қаласы әкімінің жастар кәсіпкерлігін дамытуға және қолдауға арналған гранттарын тағайындау жөнінде конкурс басталған болатын. Негізгі мақсат – кәсіп бастағысы келген жастарға қаржылай қолдау көрсетіп, демеп жіберу. Бизнесті қолдаудың дәл осы түрі – елімізде бұрыннан бар тәжірибе. Осы уақытқа дейін тиімділігін танытып, өзін ақтаған-ды. Дей тұрғанмен дәл осындай байқау Қарағанды қаласында биыл алғаш рет ұйымдастырылып отыр екен.

Қарағанды – үлкен қала. Облыс орталығына аудандар мен ауылдан жастар көп келеді. Арасында бизнес ашып, әлеуметтік жағдайын түзегісі келетіндер де аз емес. Сондай азаматтар әкім гранты берілетін байқауды қуана құп алып, қатысуға өтініш білдірген екен. Барлығы 110 азаматтан өтінім түсіпті. Оларды мемлекеттік мекемелердің, бизнес құрылымдардың өкілдерінен және қоғам белсенділері мен депутаттардан құралған комиссия қарастырып, үздік танылған 10 жобаға грант беру туралы шешім қабылдады.

Әкім грантын келесі азаматтар иеленді:

  1. Қайнарбек Абылай – металл-керамикалық протездер жасау;
  2. Санаубаев Болат Серікұлы – фитнес клубын ашу;
  3. Байқонова Даурия Бейбітқызы – «Podonail.krg» кеңейту, подологиялық орталығын ашу;
  4. Қадылбекова Халида Мұратжанқызы – «Trimble R10 GPS» құрылғысының көмегімен геодезиялық жұмыстар атқару;
  5. Пак Виктория Олеговна – «QUMO by AFISHA» күнделікті тұрмысқа және жұмысқа арналған спорттық киімнің жаңа форматын шығару;
  6. Асқаров Тоқтар Ғабдоллаұлы – термопанель шығару;
  7. Мұханов Мақсат Сайранұлы – «Ифтар & CoCo» тандыр нан мен гриль пісіру;
  8. Маханбетов Ерсұлтан Еркебайұлы – ұлттық өнер мектебін ашу;
  9. Серікбай Арайлым Талғатқызы – вермимәдениет әдісімен биогумус алу бойынша модельдік учаске құру және жастар үшін тәжірибе тарату;
  10. Іңкәрбаева Перизат Мейрамқызы – «Роботрек» екінші сандық технологиялар орталығын ашу.

Байқауда жеңіске жеткен әр қатысушыға 1 500 000 теңге көлемінде грант берілді. Ауыз толтырып айтуға тұрарлық қаражат. Жастар бұл ақшаға өз кәсіптерінің іргесін қалап, негізгі қажеттіліктерін өтей алады. Ал әрі қарай жұмысын дөңгелетіп әкету өздерінің қарым-қабілеттеріне тікелей тәуелді.

Арман АБИЛҚАСЫМОВ,

«QH»