Кілем тоқу өнері

Кілем бір кездері қабырғаның көркін келтірген болса, қазір ескі дүниелерді жаңғырту сәнге айналып бара жатыр. Мысалы, қазір кілемдер қайтадан қабырғаға ілінуде. Тіпті, керемет суреттерімен көздің жауын алады. Өз қолымен түкті кілемдер жасайтын мектеп оқушысы көптеген танымал тұлғаны кілеміне бейнелеген.

Әл-Фараби атындағы №102 мектеп-гимназияның қабырғасында білім алып жүрген жасөспірімдердің шығармашылығы мен еңбекқорлығы үлкен жетістіктерге жетелеуде. Олар ұлттық нақыштағы бұйымдарды жасап, өз кәсіптерін табысты жүргізіп келеді. Алдияр Бақыт – ерекше өнердің шебері. Ол ұлттық нақыштағы кілемдерді қолмен тігу технологиясын еркін меңгерген. Бұл бағытқа келуіне қызығушылығы мен талпынысы түрткі болғанын айтады жас жігіт.

– Бұл бизнеске өзім келдім. Әкемнен ақша алып, Қытайдан тігетін арнайы құрылғыға тапсырыс бердім. Алғашында қиын болғанымен, интернеттегі америкалық шеберлерден көп нәрсе үйрендім, – дейді Алдияр Бақыт.

Жас шебер өз туындыларын жасауда түрік елінің акрил жіптерін, арнайы құрылғылар мен төсеніштерді қолданады. Оның қолынан шыққан ерекше туындылардың бірі – Әл-Фараби бейнесі салынған кілем. Бұл кілемді ол өзі оқитын мектепке сыйға тартқан, ал туынды қазір мектеп мұражайының сәнін келтіруде. Алдиярдың жинақтамасында ұлттық нақыштағы 20-дан астам кілем бар.

– Мен әр тапсырысты ерекше қиялмен және ізденіспен жасаймын. Болашақта бұл іспен кеңінен айналысып, табысты кәсіпкер болуды мақсат етіп отырмын, – дейді жас шебер.

Алдиярдың ұстазы Ләззат Искакова жас кәсіпкердің табандылығын ерекше атап өтті.

– Алдияр он сыныпта оқып жүргенде бұл істі қолға алды. Қазір екі жылдан асты. Тапсырыстары өте көп. Оның еңбекқорлығы өзге балаларға үлгі болады, – дейді ұстазы Ләззат Искакова.

Алдиярдың табысты ісін жалғастырып келе жатқан тағы бір жас кәсіпкер – Алина Сариева. Ол ұлттық нақыштағы тақиялар мен сөмкелер тігумен айналысады. Алина өз қолөнер бұйымдарын әлеуметтік желілер мен интернет-дүкен арқылы сатады.

– Мен әр бұйымды өз жүрегімнің жылуымен жасаймын. Бастапқыда бұл іс хобби ретінде басталды, бірақ уақыт өте келе табыс көзіне айналды. Қазір өз бұйымдарыма деген сұраныс күннен-күнге артып келеді, – деп атап өтті, жас кәсіпкер Алина Сариева.

Әл-Фараби атындағы №102 мектеп-гимназиясында білім алып жүрген оқушылардың шығармашылық қабілеттері жоғары бағалануда. Мұнда білім алушы екі мыңнан астам бала түрлі үйірме мен спорт секцияларына қатысып, өз қабілеттерін дамытып келеді. Бұл оқушылардың жетістігі – еңбекқорлық пен креативті ойлаудың жемісі. Олардың қолынан шыққан туындылар ұлттық мұраны дәріптеп, жас буынға үлгі болуда.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,                                    

«QH»