Кіл мықтыда кім – мықты

Қарағанды төрінде қазақ күресінен ересектер арасындағы халықаралық деңгейдегі айтулы жарыс – «Сарыарқа батырлары» Азия кубогы өз мәресіне жетті. Дүбірлі додаға Қазақстанмен қатар Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Моңғолиядан келген кіл мықты балуандар қатысты. Жеңістің 80 жылдығы мен қазақ күресінің дамуына зор үлес қосқан ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Диханбай Биткөзовтың құрметіне арналған турнир жоғары деңгейде ұйымдастырылып, балуандар арасында шынайы тартыс пен рухты күреске толы белдесулер өтті.

Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген үздік спортшылар бас қосқан дүбірлі жарыс тартысты белдесулерге толы болды. Әр облыстың намысын қорғаған саңлақтар өз өнерлерін паш етіп, жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленді. Жарысқа Қазақстанның 20 облысынан спортшылар қатысып, әр өңірдің намысын қорғады. Солардың бірі – Атырау облысынан келген Аманқос Ұзақбаев. Ол бұл спорт түрімен айналысып жүргеніне жеті жылдан асқан. Осы уақыт аралығында облыстық және республикалық чемпионаттардың жеңімпазы атанып, тәжірибесімен ерекшеленіп келеді. Бұл жолғы байрақты бәсекеде Аманқос шет елден келген қарсыласымен белдесті – Монғолиядан келген мықты спортшымен тартысты кездесуде күш сынасып, айқын басымдықпен жеңіске жетті.

— Бүгінгі жарыс өте жоғарғы деңгейде өтіп жатыр. Барлық палуандар жақсы, тыңғылықты дайындықпен келген. Басқа да мемлекеттен палуандар келді. Бәрі де мықты, жақсы, –деді спортшы Аманқос Ұзақбаев.

Азия құрлығындағы ең беделді спорттық сайыстардың біріне айналған бұл чемпионат жыл өткен сайын ауқымын кеңейтіп, қатысушылар саны да артып келеді. Биылғы дода да өз деңгейінде ұйымдастырылып, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Чемпионат биыл қатарынан алтыншы рет ұйымдастырылып отыр. Дәстүрге айналған бұл халықаралық жарыс жыл сайын тартысты белдесулер мен шеберліктің жоғары деңгейін көрсетіп келеді. Биылғы сайысқа Қазақстанмен қатар, Өзбекстан, Қытай, Моңғолия, Қырғызстан және Тәжікстан елдерінен келген 200-ге жуық спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтады. Азия құрлығы аясында өтетін ірі дода саналатын бұл чемпионаттың жалпы жүлде қоры – 9 миллион 600 мың теңге. Бұл – тек жеңіс үшін ғана емес, спортшылардың еңбегін бағалау мен ынталандырудың да көрінісі.

— Жалпы бұл шараның басты мақсаты — салауатты өмір салтын насихаттау, төл спортымыз қазақ күресін кеңінен тарату жалпы Азия континенті мен дүние жүзіне. Сонымен қатар бұл шара ұлы жеңістің 80 жылдығына орайластырылып отырған шара, -дейді Қарағанды қаласының дене тәрбиесі және спорт секторының меңгерушісі Берік Досымбеков.

Азия кубогы басталғанына қарамастан,  тартыс қызу өтті. Әр балуан бұл жерде тек өз елінің емес, бүкіл ұлтының намысын қорғайды. Қазақ күресінде тек күш қана емес, тәрбие мен тектілік, ақыл мен айла да маңызды, — дейді бапкерлер.

— Бұрын мен өзім бастағанмын осыдан 7 жыл бұрын. Мынау 20 ғасырда Қарағанды облысының, Қазақстанның намысын қорғаған дүниеден өтіп кеткен азаматтардың атында “Сарыарқа батырлары” деп турнирді бастағанбыз. Енді бұл міні 3-ші жыл Азия кубогы болып өтіп жатыр, -деп атап өтті ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Диханбай Биткөзов.

Жарыста Бұқар Жырау ауданынан келген Ерқанат Молдағұлов 100 келі салмақта белдесіп, Азия кубогын иеленді. Өзбекстандық Бахриддин Абдураимов 2-ші орынға табан тіресе, Қазақстандық Ерасыл Нұғұмат пен Нұрдәулет Айсағалиев  үштікке ілікті.

Қанағат ЭДУАРДҚЫЗЫ,

«QH»