КЕЗЕКШІ ХҚКО ЖАҢА МЕКЕНЖАЙДА


Қазақстанның төрт қаласында кезекші халыққа қызмет көрсету орталықтарының мекенжайы ауысты. Соның ішінде Қарағандыда да өзгерістер орын алды. 3 қаңтардан бастап Пришахтинск қаласындағы 21-ықшамауданда орналасқан орталық кезекші болып бекітілді. Онда тұрғындарды дүйсенбі-жұма аралығында таңғы 9-дан кешкі 8-ге дейін қабылдайды. Ал сенбі күні таңғы 9-дан түскі 13:00-ге дейін ашық. Жалпы, Қарағанды қаласында 6 Халыққа қызмет көрсету орталығы бар. Оның екеуі мамандандырылған. Қалған төртеуінің арасында кезекшілік кестесі жүргізіледі. Олар тұрғындарға ыңғайлы болуы үшін әр үш ай сайын кезектесіп сенбі күні жұмыс істейді.
– Келіп жеткен жылдың 3 қаңтарынан бастап кезекші ХҚКО-ның мекенжайы өзгерді. Бұрын Майқұдық шаһарында орналасқан Архитектурный, 8 мекенжайындағы ХҚКО қызмет атқарып еді ғой. Енді 3 қаңтардан бастап Пришахтинск қаласындағы 21-ықшамаудан 6/7 мекенжайындағы ХҚКО қызмет атқаратын болады. Бұл енді халыққа ыңғайлы болу үшін, тек сенбі күні демалатын халық үшін әр 3 ай сайын кезекші ХҚКО мекенжайы өзгеріп отырады, – деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Қарағанды облысы бойынша филиалының PR-менеджері Қуаныш Сейтханов.
Алдағы үш айда кезекші болатын Халыққа қызмет көрсету орталығы жақында ғана жаңартылған. Ғимарат жөнделіп, жаңа жиһаздар мен техникалар әкелінді. Цифрлық кеңседе келушілер қалаған құжаттарын оператордың көмегінсіз ала береді. Мұнда қызметтерге онлайн тапсырыс беру үшін дербес компьютерлер орнатылған. Бұл – Қарағандыдағы жөндеуден өткен екінші цифрлық кеңсе.
– 21-ықшамауданда ХҚКО ашылды. Толықтай модернизацияланды, яғни цифрландырылды. Заманауи түрде жақсы жөндеу жұмыстары жасалды. Заманауи жиһаздар мен тұрмыстық техника әкелінді. Халықтың ыңғайына қарай халық өз-өзіне қызмет көрсететін орталықтар да жаңадан жаңғыртылды, – деді аталған филиалдың PR-менеджері Қуаныш Сейтханов.
Өткен жылы елімізде халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы 2,6 миллионнан астам адам төлқұжат пен жеке куәлік алған.
Енді 2024 жылға келесідей мемлекеттік баж алымы белгіленді:
ҚР азаматының 36 парақты төлқұжаты үшін – 8 АЕК,
48 парақты төлқұжат үшін – 12 АЕК,
24 парақты төлқұжат үшін (16 жасқа дейінгі балаларға) – 4 АЕК.
Жеке куәлік үшін төлем 0,2 АЕК-ті құрайды.