Кеншілер талабы орындалуда

Таяуда Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек шахтерлер мен кәсіподақ ұйымдарының өкілдері және «АрселорМиттал Теміртау» басшылығымен кездесті. Тараптар түйткілді мәселелерді ортаға салып, ортақ шешім табу жолын қарастырды. Кеншілер еңбегінің лайықты өтемі болуы керектігі өзекті мәселе екені тағы да айтылды.

Былтырғы қарашада «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментіне қарасты «Абай» шахтасында алты кеншінің өмірін жалмаған апатты жағдай шахтерлер шыдамын шегіне жеткізді. Осыдан кейін тегеурінді талап қойған кеншілер жылдар бойы жиналған ашу-ызасын ақтарды. Еңбек қауіпсіздігінен бастап, тозған техника, жарымаған жалақы жайын жайып салды. Бұл жолғы талап бұрынғыдан өзгерек екенін жұмыс беруші де жете ұғынды. Артынша үшжақты келісім комиссиясы құрылып, жеті қат жер астына түсумен басын күн сайын қатерге тігетіндердің базынасы тыңдалды.

Тас түйін бекінген кеншілер нақты 12 талап қойды. Сол талаптың бірі жеңілдетілген несиемен баспана алу болатын. Құр сөз, құрғақ уәде енді жүрмесін түсінген билік те шынайы әрекетке көшті. Өз кезегінде жұмыс берушімен қатаң қабақты әңгіме жүріп, нық қойылған талаптың шынайы нәтижесі сұралатыны ескертілді. Осыдан кейін әкімдік бастамасымен облыстың шахтерлері мен металлургтері үшін «Отбасы банк» арқылы 5%-бен ипотекалық несиелендіру қолға алынды. Осылайша 2022 жылдың бюджетіне бұл мәселе енгізіліп, 5 жылдық бағдарлама берекесін бере бастады. Бүгінгі таңда облыс әкімдігінің бастамасымен шахтерлер мен металлургтердің тұрғын үй мәселесі шешілуде. Арнайы ипотекалық бағдарлама басталды. 61 отбасы жеңілдетілген ипотека алды. Тағы 60 отбасы қазірде қажет құжаттарын жинастыруда. Жалпы, кеншілер қойған мұнан өзге де талаптардан кейінгі нәтижелі жұмыстар талқыланды. Жеңіс Қасымбек белгілі деңгейде жұмыстар жүріп жатқанын айта келе, жер астындағы еңбек жағдайлары әлі де жетілдіруді қажет ететінін қадап айтты. Кен орындарында жарақат алу, ажал құшу оқиғаларын болдырмау — басты міндет. Одан өзге де қордаланған талай мәселе зерделеуді қажет етті. Сол себепті аймақ басшысы айтылған сөздің қаншалықты іске асып жатқанын жеке бақылауына алуды жөн көрген. «АрселорМиттал Теміртау» басшылығы тарапынан өткен жылдың қараша, желтоқсан айларында қабылдаған міндеттердің қаншалықты орындалып жатқаны бақылауда болатынын баса айтты. Орындалмаған міндет болса, оның да шешімін табу жолы болатыны қаперге салынды.

Атқарылған жұмыстар туралы «Арселор Миттал Теміртау» АҚ атқарушы директоры Әлішер Әбенов былай деп баяндады:

— Біздің жұмысшыларды әлеуметтік қамтамасыз ету мақсатында кен орнында марқұм болғандардың отбасына пәтер алу жайында шешім қабылданды. Бұл міндет Көмір департаментінің де, Болат департаментінің де ұжымдық келісімшартына енгізілді. Жалпы, ұзақмерзімді сипаттағы міндеттер бойынша талаптардың төрт тармағы орындауды қажет етуде. Бұл — қолда бар жабдықты түгендеу және оны жаңарту. Бұл ретте мәселені шешу үшін кәсіподақтармен бірлесіп жұмыс топтары құрылған, іс-шаралар жоспары әзірленді. Басты мақсат — шахталарда өрттердің, жарылыстардың, тосыннан газ тарауының себептерін жою жөнінде шаралар кешенін тынғылықтяы әзірлеу. Жалақыны көтеру мәселелері шешілді. Ескірген жұмыс көлігін жаңарту басталды: осы жылға жоспарланған 56 автобустың 12-сі желіге шықты, жақын арада тағы 14-і жеткізілмек. 2023 жылдың соңына дейін шамамен 30-ға жуық автобус ауыстырылады. Кадр тапшылығын жою үшін Көмір департаментінің кәсіпорындарына ай сайын шамамен 120- 130 адам қабылданады.

Жұмыс берушімен жасалған ұжымдық келісімшартқа еңбек өтіліміне сәйкес ақы төлеу жайты да кіргізілген. Ол үшін кәсіпорында төрт жылдан артық уақыт жұмыс істеу — шарт. Қабылдаған шешімге сай, 2018 жылдың 1 қаңтарынан штатқа қабылданған барлық қызметкер жұмыс істеген әр жылына 1 мың теңге көлемінде ай сайын төлем алатын болады.

Өз кезегінде аймақ басшысы бүгінгі таңда кеншілер талабының орындалу барысына оң баға берді. Сөз соңында:

— Компания тарапынан толық орындалуы тиіс міндеттемелер бар. Біздің кездесулер кеншілер ұжымдары көтерген барлық мәселе орындалғанға дейін жалғасады, — деп кездесудің нық нүктесін қойды.

Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ,

«QH»