Келесі Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 2024 жылы Қазақстанда өтеді

2024 жылы V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны Қазақстанда өтеді. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев өзінің Facebook парақшасында жазды.


«Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен Мәдениет және спорт министрлігі делегациясы IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысу үшін Түркияға арнайы барып, ақжолтай жаңалықпен оралып отыр. Сапар барысындағы өзекті мәселелердің бірі – Қазақстанда V Ойындарды өткізу жөніндегі келіссөздер болатын. Нәтижесінде, Түркияның Жастар және спорт министрі Мехмет Касапоглу кеше салтанатты түрде аталған ауқымды шараның эстафетасын елімізге табыс етті.
Яғни, ресми түрде Қазақстан – 2024 жылғы 5-ші Дүниежүзі көшпенділер ойындарын өткізуші мемлекет ретінде белгіленді. Бұл – айтарлықтай қуаныш, әрі аса жауапты жұмыс. Мыңжылдықтардың мұрасына ие, көшпелі дала салтын ұлықтаған ел ретінде бұл дүбірлі доданы жоғары деңгейде өткіземіз деп сенемін. Кеше Түркия төрінде ел намысын қорғап, ерекше нәтиже көрсеткен барлық жеңімпазды тағы да шын жүректен құттықтаймын!»,- деді Дәурен Абаев.