Әкеге қарап ұл өсер

Арман Қасым – Ұлы Отан соғысының ардагері, батыр атасы Көшекбай Қасымовтың даңқты жолын жалғастырып, ел тыныштығы мен қауіпсіздігіне өз үлесін қосып жүрген ардақты азаматтардың бірі.

Көшекбай Қасымов – Ұлы Отан соғысының ардагері, 1918 жылы Қазақ КСР-ның Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданында дүниеге келген. 1939 жылы Жаңаарқа аудандық әскери комиссариаты арқылы Қызыл Армия қатарына шақырылып, 155 атқыштар дивизиясының 786 атқыштар полкінде техник-лейтенант шенінде қызмет атқарды. Ерлігі мен әскери еңбегі үшін екі мәрте «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалімен марапатталған. 1944 жылғы 28 шілдеде 155 атқыштар дивизиясының атынан марапатқа ұсынылған. Оның әскери деректері Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Орталық архивінде сақталған.

Сонымен қатар, Көшекбай Қасымов «Қызыл жұлдыз» орденіне ұсынылып, соғыстан кейін 1946 жылы «1940-1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

«Ұстаз болу – жүректің батырлығы» демекші, майдангер Көшекбай Қасымов соғыстың ауыр зардаптарын көргеніне қарамастан, бейбіт өмірде жас ұрпаққа сапалы білім мен өнегелі тәрбие беруді мақсат тұтты. Ол майданнан оралған соң, ауыл мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет атқарып, бірнеше буын шәкірт тәрбиеледі.

Нағыз ұстаз – тек білім беруші емес, ол – шәкіртінің жүрегіне ізгілік нұрын сеуіп, өмірлік бағыт-бағдар беретін жан. Көшекбай ата дәл осындай ұстаз әрі елге адал қызмет еткен азамат еді.

Ұлағатты ұстаз, майдан ардагері Көшекбай Қасымов жұбайымен бірге он бала – тоғыз қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірді. Олардың әрқайсысы өмірлік өз жолдарын тапты. Артынан қалған жалғыз тұяғы, ұлы – Мылтықбай Көшекбайұлы әскери қызметті таңдап, өзінің кәсіби өмірін ішкі істер органдарына арнады. Ол қарапайым қатардағы сержанттан бастап, капитан шеніне дейін көтерілді. Ішкі істер органдарында адал еңбек еткен ол 1994 жылы капитан шенімен зейнетке шыққан.

Әскери қызметте өзін адал, жауапты маман ретінде көрсете білген Мылтықбай Көшекбайұлы ел қауіпсіздігі мен құқықтық тәртіпті сақтау ісіне сүбелі үлес қосты. Тағдырдың бір қызығы, ол да отбасында жалғыз ұл болды және оның артынан ерген де жалғыз ат ұстары бар.

Мылтықбай Көшекбайұлының ұлы Арман да әке жолын жалғастырып, құқық қорғау саласында қызмет етуде. Ол 2008 жылы инспектор болып еңбек жолын бастап, өзінің адалдығы мен қажырлы еңбегінің арқасында биік жетістіктерге жетті. Бүгінде Қарағанды қаласы Қазыбек би атындағы аудан прокуроры қызметін атқарып келеді.

Арман Қасымның өмір жолы – ұрпақ сабақтастығының, Отанға деген адалдықтың жарқын көрінісі. Бұл – елін, жерін қорғаған ата-бабалардың аманаты мен ерлік дәстүрінің лайықты жалғасы. Осындай адал қызмет пен батырлық қасиеттер әр қазақ баласына үлгі болуы тиіс. Әке жолын қуған бала озар!

Құралай КӨБЕНОВА,

«QH»