Калькасыз тіл – таза сана: Қарағандыда тіл мәдениетіне арналған семинар өтті

Қарағанды қаласында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтіп, оның тазалығы мен мәдениетін сақтау мақсатында маңызды шара өтті. Семинарды Қарағанды облысының тілдерді дамыту басқармасы жанындағы Ресурстық тіл орталығы ұйымдастырып, оған БАҚ өкілдері, баспасөз хатшылары, басқармалардың тілге жауапты мамандары, ЖОО оқытушылары мен тіл жанашырлары қатысты.

Арнайы шақырылған спикер – кәсіби медиатренер, белгілі редактор, «Калькасыз қазақ тілі» телеграм арнасының негізін қалаушы Назгүл Қожабек. Ол қазіргі медиакеңістікте жиі кездесетін аударма қателері, орыс тілінен тікелей аударылған калька сөздер және олардың қазақ тіліне тигізіп отырған ықпалы туралы кеңінен баяндады.

«Мұндай семинарлар өте қажет, өзім үшін көптеген пайдалы ақпарат алдым. Қазақ тілін жетік меңгерген деген адамның өзі ара-тұра қате жіберіп тұрады, әсіресе аударма кезінде. Дәл осы аударма кезінде жіберілетін, бүгінде санамызға дұрыс нұсқа ретінде сіңіп кеткен калька сөздер мен тіл мәдениеті жөнінде керемет семинар өтті. Бізде тілдің тазалығы, сөздердің дұрыс қолданылуы жөнінде айтып, сол жолда еңбек етіп жүрген, өз арнасы арқылы көптеген журналист пен тіл мамандарына көмегін беріп жүрген Назгүл Қожабек тәрізді тілге шынайы жанашыр адамдар көбірек болса екен», – дейді қатысушылардың бірі.

Семинар барысында калька аудармаларға нақты мысалдар келтіріліп, олардың дұрыс нұсқалары ұсынылды.

«Қазақ тілі – құрылымы, табиғаты бөлек, мағына байлығы мол тіл. Аударма жасағанда сөзбе-сөз көшіру тілдің рухын жоғалтады. Сол себепті кальканы шектеу ғана емес, оның орнына ұлттық танымға сай нұсқаларды ұсыну – басты міндет», – деді «Калькасыз қазақ тілі» телеграм арнасының негізін қалаушы Назгүл Қожабек.

Ұйымдастырушылар атап өткендей, бұл семинар – соңғы үш жылда Қарағандыда тіл мәдениеті бойынша өткізілген үшінші маңызды шара. Бұған дейін «БАҚ және тіл мәдениеті» (2023), «Медиакеңістіктегі тіл мәдениеті» (2024) атты семинарлар ұйымдастырылған. Биылғы шараның ерекшелігі – тікелей тіл тазалығы мен кальканың зиянына басымдық берілгені.

Семинар соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды. Бұл олардың тіл мәдениетін дамытуға ниетті, белсенді азаматтар қатарында екенін айғақтайтын маңызды белгі болды.

Құралай ӘЛЖАППАР,

«QH»