Кәсіпкерлер студенттермен кездесті

Қарағанды облысының колледждерінде Жұмыс берушілер күні өтті. Өңірдің студенттері мен кәсіпорындарының өкілдері өзара қарым-қатынас орнату үшін ашық алаңда кездесті.

Қарағанды техникалық-құрылыс колледжінде жұмыс беруші әлеуметтік әріптестердің студенттермен кездесуі танысу экскурсиясы мен шеберлік сабақтарынан басталды.

Құрылыс саласы мен бизнес өкілдері сәндік бояу мен сылақтың түсті үйлесімін таңдаудағы сән үрдістерін көрсетті, лазерлік гравюрада қазақ кәдесый өнімдерін жасау құпияларымен бөлісті.

Қарағанды жоғары политехникалық колледжінде Жұмыс берушілер күні аясында «Жастар – шағын бизнеске» облыстық бизнес-жобалар конкурсы ұйымдастырылды.

Байқауға аймақтың түрлі колледжінен келген студенттердің 17 идеясы ұсынылды. Авторлар кофе дүкенін, сұлулық салондарын, массаж кабинеттерін ашу жобаларын таныстырды.

Сондай-ақ колледждің әлеуметтік серіктестері студенттер үшін дәріс оқыды, онда сұранысқа ие мамандықтар, IT-саланың ең өзекті бағыттары туралы айтылды.

Қызыл Жарты Ай қоғамының облыстық филиалының өкілдері болашақ құтқарушыларға техногендік сипаттағы ТЖ кезінде зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсетуді үйретті.

– Біздің колледж жастарды техникалық бағыттағы 20 мамандық бойынша оқытады және жыл сайын 600-800 маман шығарады. Олардың барлығы жұмысқа еш қиындықсыз орналасуда, өйткені техникалық мамандықтар қазір сұранысқа ие, – дейді Қарағанды жоғары политехникалық колледжінің директоры Жанар Рахымова. – Колледжде 90-нан астам әлеуметтік серіктес бар. Бұл – облыстың ірі кәсіпорындары. Олармен ынтымақтастық туралы меморандум жасастық және 120-дан астам шартқа қол қойдық. Бұл – пандемиядан кейінгі алғашқы жаппай кәсіптік бағдар беру шарасы. Аталмыш шара студенттер мен жұмыс берушілерге бір-бірін табуға көмектеседі.

Колледждерде Ашық есік күнін өткізудің пайдасын «Қарағандыэнергоремонт» АҚ-тың даму жөніндегі директоры Сергей Глухов та атап өтті.

– Біздің кәсіпорын жылу агрегаттарын, қысыммен жұмыс істейтін ыдыстарды жөндеумен, өндірумен айналысады. Бұл – түрлі экономайзерлер, су шүмектері, қазандықтар. Біз аймақтың көптеген колледжімен тығыз жұмыс жасаймыз. Студенттер жыл сайын бізде өндірістік практикадан өтеді, сонымен қатар қазір дуальды оқыту енгізілді. Біз практиканттарға өндіріс алаңын ұсынамыз, оларға мамандарды бекітеміз және көмектесеміз, – дейді Сергей Глухов. – Биыл бізде колледждің 32 студенті тәжірибеден өтті. Біз өзіміз үшін білікті кадр даярлауға мүдделіміз. Көптеген колледжде жақсы материалдық-техникалық база бар. Бұл – теориялық білім ғана емес, практикалық білім алуға да мүмкіндік береді.

Колледждерде біржолғы жаппай кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жүргізу бастамасы Облыстық білім басқармасы мен Оқу-ағарту министрлігіне тиесілі.