Кәсіпкерлер Кореямен тәжірибе алмасты

Жаңа тәжірибе мен инвесторлар табу үшін Қарағанды облысының бизнесмендері Оңтүстік Кореяға сапар шекті. Өзара тиімді ынтымақтастық жаңа жұмыс орындарын құруға және елдер арасындағы тауар айналымын ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ермек Алпысов бастаған делегация Оңтүстік Кореяның Ульсан қаласы әкімінің шақыруымен индустриалды фестивальға қатысты. Екі күн ішінде қарағандылықтар қаланы көріп қана қоймай, ірі кәсіпорындарды да аралап қайтты.

Ульсан – кеме жасау, автомобиль жасау және мұнай-химия саласы дамыған өнеркәсіптік аймақ. 2010 жылы Қарағанды облысының әкімдігі мен Ульсан метрополиясы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық туралы келісім жасасты. Бүгінде өңірде корей серіктестерінің қатысуымен кәсіпорындар қарқынды жұмыс істеуде.

Индустриялық фестивальға қатысу қарағандылықтар үшін өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдетуге жақсы себеп болды.

Қарағанды өңірінің кәсіпкерлері үшін ең ірі зауыттарға экскурсиялар ұйымдастырылды. Олардың бірінің басшылығы «Қарағанды Forever Flourishing» компаниясы өкілінің ұсынысына қызығушылық танытты. Қарағандылық кәсіпкер бірлескен кәсіпорын ашу үшін алаң ұсынуға дайын.

Корей бизнесмендері Қазақстанға, оның ішінде Қарағанды облысына сапармен келмекші. Ермек Алпысов басқарма басшыларына шетелдік өндірушілерді қызықтыратын мәселелерді жергілікті бизнес-қоғамдастықпен пысықтауды тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі