Кәсіп бастаушыға қолдау бар

Биыл Қарағанды қаласында алғаш рет жас кәсіпкерлерге қала әкімінің гранты үлестірілді. Оған қатысуға 110 азаматтан өтінім түскен. Құрамына мемлекеттік органдардың, бизнес-қоғамдастықтың өкілдері, депутаттар мен қоғам белсенділері енген арнайы комиссия барлық жобаны қарап, үздік 10 кәсіпкерді анықтады. Оларға 1,5 миллион теңгеден әкім гранты үлестірілді. Бұл қаражат олардың стартап жобаларын жандандырып, бизнестерін дөңгелетуге септігін тигізбек.

– Жастар тарапынан түрлі идея ұсынылды. Біз алдағы уақытта да кәсіпкерлерді қолдау бағытындағы жұмыстарды жалғастыра береміз. Әсіресе балаларды қолдауға бағытталған жобаларға басымдық береміз. Келешекте грант мөлшерін ұлғайту да жоспарлануда, – дейді қала әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Қала әкімінің қолдауына ие болған кәсіпкерлер бұл қаражатты фитнес-клуб, тандыр, ұлттық өнер мектебі және екінші цифрлық технологиялар орталығын ашуға, сондай-ақ подологиялық орталықты кеңейтуге, геодезиялық қызметтерге жұмсауға ниетті.

Мәселен, биология ғылымдарының докторанты Арайлым Серікбай өз жобасын вермикультурамен байланыстырды. Ол органикалық қалдықтардан ең құнды тыңайтқыш – биогумус алу үшін модельдік учаске құрғысы келеді.

– Барлық ниет білдірушілер үшін вермикультура бойынша курстар мен семинарлар ұйымдастырғым келеді. Бұл технологияны саяжайларда, бақшаларда, мектеп алаңдарында және т.б. орындарда қолдануға болады. Грантқа қажетті жабдықтар сатылып алынады, қаражаттың бір бөлігі полиграфиялық өнімдер шығаруға жұмсалады, – дейді грант иегері.

Ал «Роботрек» цифрлық технологиялар орталығының басшысы Перизат Іңкәрбаева болса грант қаражатын білім саласына бағыттауды көздеп отыр.

– Біз орталықта балалардың ой-өрісін, талабын, талпынысын және моторикасын дамыту бағытында жұмыс істейміз. Оларға робототехника, программалау және компьютерлік техника бойынша сабақ береміз. Шыны керек, бұл грант – біз үшін үлкен қолдау. Біріншіден, жұмысымыздың бағалануын көрсетеді және алға қарай талпынуға серпін береді, – дейді Перизат Іңкәрбаева.

Қала әкімінің қолдауына ие болған тағы бір кәсіпкер – «Podonayl.krg» орталығының жетекшісі Дәурия Байқонова. Ол бұл қаражатты медицина саласын ілгерілетуге жұмсамақ. Яғни бойында патологиясы бар сырқаттарды емдеуді қолға алған.

– Біз қолжетімді сапалы медициналық орталықты кеңейтеміз. Дәл қазір мұның өзектілігі артып келеді. Мен дәрігерлермен, ортопедтермен және хирургтермен тығыз байланыста жұмыс істеймін. Жоспарлар өте көп, – дейді Дәурия Байқонова.

Айта кету керек, биыл облысымызда жастар кәсіпкерлігіне көрсетілетін қолдау артты. Аймақтағы барлық қала мен аудандарда әкім гранттары үлестірілуде. Алдағы қыркүйек айында облыс әкімінің грантына өтінім қабылдау басталады. Биыл оның мөлшері екі есеге дейін өсіп, 2 млн теңгені құрап отыр. Облыс әкімінің гранты бірден 100 кәсіпкерге берілмек.

Арман АБИЛҚАСЫМОВ,

«QH»