Кәсіп бастауға грант кімге беріледі?

Халық арасындағы жұмыссыздық көрсеткішін азайтудың бір амалы – шағын және орта бизнесті дамыту. Әлемде дамыған елдердің тәжірибесіне көз салсақ, экономиканың негізгі саласын алып кәсіпорындар емес, шағын кәсіпкерлер құрап отырғанын аңғарамыз. Сондықтан мемлекет тарапынан бизнес бастауға ниет білдірген азаматтарға қайтарымсыз грант беру қарастырылған.

Өзім үшін жұмыс істеймін деген кез келген азамат «Бастау бизнес» жобасы аясында қысқамерзімді курстан өтіп, өз идеясы негізінде бизнес-жоспар әзірлей алады. Кейін бұл жобасын арнайы құрылған комиссия алдында қорғауы тиіс. Егер комиссия мүшелері жобаның өміршеңдігі мен өзектілігіне сенім артқан жағдайда, 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде бір реттік қайтарымсыз грант беріледі. Бұл қаражатты бастапқы капитал есебінде кәдеге асыруға болады. Яғни бизнеске қажетті еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды, тұқымдар мен көшеттер, үй жануарларын және кәсіпке керек үй-жайларды жалға алу үшін жұмсалуы тиіс. Бұл ретте кәсіпкерге грант қаражатын кредиттік қарыздарды өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнімдер өндіруге жұмсауға тыйым салынады.

– Гранттар халықтың әлеуметтік осал топтарына олар жұмыссыз немесе дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеу мерзімі үш жылдан кем болатын дара кәсіпкер ретінде грант беруге өтініш бергенге дейін тіркелген немесе бірыңғай жиынтық төлем төленген жағдайда беріледі, – дейді Халықты жұмыспен қамту орталығының баспасөз қызметі.

12, 13 және 14 қазан күндері Қарағанды қаласы әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығында кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы аясында мемлекеттік грант беру жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өткен болатын. Бұл жолы мемлекеттік грант алуға 228 үміткер өтінім берген. Комиссия мүшелері олардың бизнес-жоспарларын қарап, таныстырылымын тыңдаған соң 44 бизнес-жобаны мақұлдады. Үміткерлер комиссия шешімімен business.enbek.kz порталындағы жеке кабинеті арқылы танысады.

Айта кету керек, мемлекеттік грант алуға 18-29 жас аралығындағы жастар, мүгедектер немесе мүгедектерді тәрбиелеп отырған отбасылар, қоныс аударушылар, қандастар, көпбалалы отбасылар, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік жәрдемақы алушылар, МАӘК алатын аз қамтылған отбасылардың мүшелері өтінім бере алады.

Гранттарды халықты жұмыспен қамту орталықтары грант алуға үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі аудандық/қалалық комиссияның шешімі негізінде береді.