Кәсіби мамандықты бағдарлау – балабақшадан басталады
Мемлекет басшысы өз сөзінде жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы маңыздылығын ерекше атап өтті. Бұл бағытта біздің өңірде де ауқымды жұмыстар жүргізілуде – кәсіби бағдар беру жүйесі балабақшалар мен мектептерден басталып, колледждерде жалғасуда. Осыған орай, біз білім беру мекемелеріне барып, оқушылардың болашақ мамандығын таңдауға қалай дайындалатынын көрдік. Сонымен қатар, жергілікті кәсіпорындар мен зауыттарға қажетті білікті мамандарды даярлау жүйесімен танысу үшін колледжге де бас сұқтық.
Қарағанды облысында кәсіптік бағдарлау ерте жастан басталады. Мамандардың пікірінше, дәл мектепке дейінгі кезеңде болашақ мамандықтың негізі қаланып, баланың белгілі бір салаға қызығушылығы қалыптасады.
«Балаларды ерте кәсіптік бағдарлау ерекше маңызға ие болып отыр. Өскелең ұрпақ болашақ мамандық таңдауға саналы түрде қарауы тиіс», деп атап өткен болатын өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы бағытта Қарағанды облысында арнайы бағдарламалар қолға алынуда. Бала кезімізде әрқайсымыз дәрігер, мұғалім немесе ғарышкер болуды армандадық. Алайда уақыт өте келе бұл таңдаулар өзгеріп, жаңа қызығушылықтар пайда болды. Сондықтан баланың өз болашақ мамандығын саналы түрде анықтауына көмектесу үшін оған түрлі салада өзін сынап көруге мүмкіндік беру маңызды. Осындай әдісті Шахтинск қаласындағы «Салтанат» балабақшасы қолданады. Мұнда 2021 жылдан бері «Ерекше ғылым» жобасы жүзеге асырылып келеді. Бағдарлама аясында балалар әртүрлі ғылыми бағыттармен танысып, өзін ғалым ретінде сезіне алады.
– Сабақтар ойын түрінде өтеді. Балаларға эксперимент жасау арқылы жаңбырдың қайдан келетінін, температураның не екенін, компастың қалай жұмыс істейтінін қарапайым тілде түсіндіреміз, балалар химия, биология, физика сияқты ғылымдармен ерте жастан танысып, олардың негіздерін меңгере бастайды. Бұл болашақ мамандықты таңдаудағы алғашқы қадам болуы мүмкін, – дейді «Салтанат» бөбекжай-бақшасының директоры Ирина Обердерфер.
2024 жылдан бастап бұл жоба Қарағанды облысының білім беруді дамыту жол картасының «Қызығушылық танытқандарға арналған ерекше ғылым» бағдарламасына енді. Бүгінде жобаға облысымыздың 22 мектепке дейінгі ұйымы қосылып, «Салтанат» балабақшасының педагогтары әріптестеріне шеберлік сабақтарын өткізуде. Мектепке дейінгі білім беру мен техникалық мамандықтарды оқытатын оқу орындарының арасында қандай байланыс болуы мүмкін? Бұл сұраққа жауап ретінде Шахтинск технологиялық колледжінің «ТехноМалыш: болашақ инженерлерге арналған радиоконструкторлар» жобасын айтуға болады. Колледж оқытушылары студенттермен бірге арнайы балаларға арналған радиоконструкторлар әзірлеп, оларды балабақшаларға енгізуді қолға алды.
– Бұл жиынтықтар 5-6 жастағы балаларға электроника мен бағдарламалау негіздерін ойын түрінде меңгеруге көмектеседі. Олар қарапайым электронды құрылғыларды жинап, кейін күрделірек жобаларға көшеді. Мысалы, шамдар, сигнализациялар мен ақылды үй макеттерін жасап үйрене алады, – деді колледждегі арнайы пәндер оқытушысы Михаил Правосудов.
Сонымен қатар, колледж оқытушылары тәрбиешілерге арналған бояу кітапшалары мен әдістемелік құралдар жасауды жоспарлап отыр. Бұл бастамалар балалардың техникалық ойлау қабілетін дамытуға бағытталған. Колледждің екі құзырет орталығы – «Электроника» және «Компьютерлік ойындарды 3D-модельдеу» мамандандырылған бағыттар бойынша білім беріп келеді. Сонымен қатар, студенттік конструкторлық бюро жұмыс істейді, онда 8-9 сынып оқушылары үшін арнайы техникалық шығармашылық сабақтар ұйымдастырылады.
– Біз мектеп, колледж, ЖОО, жұмыс беруші секілді үздіксіз кәсіптік білім беру жүйесін дамытып жатырмыз, биылғы жылы жобаның алғашқы нәтижелерін саралап, оны кеңейту бойынша жаңа жоспарлар құрудамыз, – дейді колледж директорының орынбасары Валентина Тарасова.
Колледж базасында жобалармен алмасу үшін арнайы веб-платформа әзірленуде. Сонымен қатар, бағдарламалау, электроника және 3D-модельдеу бағыттары бойынша интерактивті құралдар дайындалуда. Бұл бастамалардың барлығы жоғары технологиялар мен инженерия саласында бәсекеге қабілетті болашақ мамандарды даярлауға бағытталған. Ерте жастан басталған кәсіптік бағдар жас ұрпақтың еңбек нарығында сұранысқа ие болуына және заманауи технологияларды игеруіне жол ашады.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»