Көркем гимнастика

Талғампаздықтың жоғары көрінісі. Қарағандыда көркем гимнастикадан облыстық ашық біріншілік өтті. 2 күн ішінде қазылар алқасы 300-ден астам қойылымды бағалады.

Қарағандылық «Совершенство» командасы көрермендердің ыстық қошеметімен алғы шепке шықты. Топтық жаттығуларда 2012-2013 жылы туған гимнасшылар жетекші орын алды. Оларды басты қарсыластарынан 2,5 ұпай бөліп тұрған. Жаттығудағы шыдамдылық пен табандылықтың арқасында және баршаның қолдауымен чемпионатта тамаша нәтижеге қол жеткізді.

– Жарысқа шығарда қатты қорықтық, себебі жеңгіміз келді. Бізді дайындап шығарған жаттықтырушыларымызға алғыс білдіреміз. Оңай болды демеймін, жарыс қиынға соқты. Десе де біз көп дайындалдық және ойымыздағы жетістікке қол жеткіздік, – деп атап өтті гимнаст Камилла Ибраева.

– Қатты уайымдадық, жеңгіміз келді. Бізді дайындаған Жәмила Асанқызына, Камила Арманқызына, Татьяна Викторовнаға және ата-аналарымызға алғыс білдіреміз. Біздің жеңіс тұғырынан көрінуіміз үшін олар қолдан келгеннің барлығын жасады, – дейді тағы бір спортшы Дарина Кошикова.

Чемпионатқа Қарағанды спорт мектептерінен 8-16 жас аралығындағы гимнастар, сондай-ақ Теміртау мен Астанадан да қатысушылар келді. Олар топтық және жеке жаттығулардан жарысты. Барлығы 360 гимнаст өнер көрсетті. Қазылар алқасы элементтерді орындау, әртістік шеберлік пен хореографияның қиындығына баса назар салып бағалады.

– Әр жыл сайын жасалған жаттығулар мен төгілген маңдай тер жемісін беріп жатыр. Спортшы қыздар кәсіби деңгейге ұмтылуда. Бүгін барлығы жоғары нәтижеде өнер көрсетті, – деп атап өтті Қарағанды облысының гимнастика федерациясының президенті Юлия Бадина.

Оның сөзінше, көркем гимнастика – нәзік жандыларға тән талғампаздық пен сымбаттылықты көрсетер спорт түрі. Мінез көрсеткен осал және нәзік қыздар мақтауға лайық. Чемпионатта 4, 5, 6-орын алған қатысушыларға мақтау қағаздары мен сыйлықтар табыс етілді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер медаль қорын толықтырды. Ендігі кезекте үздік спортшылар Қазақстан құрамасына қосылады.

Айдын ШАЛАТАЙҰЛЫ, «QH»