Кәріпбек Күйіков көрмесі Еуропада

Еуропа Кеңесінің штаб-пәтерінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясында сөйлеген сөзінің аясында Қазақстанның сыртқы саясатының антиядролық векторының тұсаукесері өтті. Еуропа Кеңесі мен ҚР Страсбургтегі Бас консулдығының қамқорлығымен ұйымдастырылған шараға ұйымның қызметкерлері, мүше елдердің елші дәрежесіндегі тұрақты өкілдері, шетелдік дипломаттар, құқық қорғаушылар және сарапшылары қатысты.

Қазақ суретшісі және ядролық қаруға қарсы белсенді Кәріпбек Күйіков Еуропаның ең көне құқық қорғау ұйымында өз суреттерін алғаш рет ұсынды.

Оның «ЖЕҢУ» тақырыбындағы экспозициясы, негізінен, ядролық елдер арасындағы күшейіп келе жатқан текетіреске қарсы тұруға арналды. Сондай-ақ суретші салауатты қоршаған ортаға адам құқықтарын қамтамасыз етуді, сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтарын насихаттауға назар аударды.

– Мен үшін Еуропа Кеңесінде халқымыздың атынан сөз сөйлеу – үлкен мәртебе. Мен ядролық полигонға жақын жерде дүниеге келдім, сондықтан мен үшін радиациялық әсердің салдарын әлемге көрсету маңызды. Мүгедек ретінде мен сіздерді – дені сау, толыққанды адамдарды – енжар болмай, ядролық апатты болдырмау үшін күш жұмылдыруға шақырамын, – деді Кәріпбек Күйіков.

Бас консул Әнуарбек Ахметов Мемлекет басшысының БҰҰ Бас Ассамблеясына қатысуы, оның бастамалары, ядролық державалар арасындағы текетіреске жол бермеу жөніндегі күш-жігері, сондай-ақ жаһандық қарусыздану және таратпау үдерістеріндегі Қазақстанның рөлі туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Көрмеде «Junior Eurovision – 2021» байқауының жеңімпазы, ерекше күтімді қажет ететін қазақстандық оқушы Бекнұр Жәнібекұлының қазақ, ағылшын, француз және итальян тілдерінде ән шырқауы шараның маңызды элементі болды. Көрермендер қазақстандық жас әншінің қайсарлығы мен талантына тәнті болды.

Шетелдік қатысушылар іс-шараны жоғары бағалап, қазақстандық тарапқа алғыстарын білдірді және еліміздің ядролық қарусыздану, қоршаған ортаны қорғау және мүгедектердің құқықтарын ілгерілету саласындағы күш-жігерін қолдады.

Мексика Елшісі Хосе Альфонсо Суарес өз елі Қазақстан, Австрия және Норвегияны ядролық бағдарламаға қарсы халықаралық іс-қимылдағы маңызды одақтас ретінде қарастыратынын атап өтті.

– Мексика әрқашан Қазақстанның одақтасы болып қала береді, ал мәдениет – планетада келісім мен бейбітшілікке қол жеткізудің маңызды құралы, – деді елші.

Қазақстан Республикасының Страсбургтегі Бас консулдығы