Күрежол қайта төселуде

Қарағанды облысында екі ауданның арасын байланыстырып тұрған күрежол толыққанды қайта жөнделіп жатыр. Кеңес кезеңінен бері жөндеу көрмеген бұл жер соңғы жылдары екі ауданның ғана емес, айналма жолдар арқылы Қарағандыдан Астанаға баратын жолаушыларды да әбден әбігерге салған еді.

2019 жылы жүк көлігіне шамадан тыс қиыршық тас артып, заңсыз тасымалмен айналысқан екі камаз жолға батып та кеткен-ді. Ал қазір мұнда жолды күрделі жөндеу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Мамандар биылғы жол жөндеу маусымының соңына дейін екі аудан арасындағы қатынасты қалпына келтірмек. Осылайша Нұра ауданы тұрғындарының облыс орталығымен қатынауы қайта жақсарады. Бас-аяғы 84 шақырым күрежолдың 64 шақырымы өткен жылдары жөнделсе, жол жиегі жұқарып, жаңбыр мен қар жауса езіліп кете беретін қалған 20 шақырым жолдың жиегі қайта көтеріліп, жол басынан бастап толыққанды салынып жатыр.

Онда суағарлармен қатар мал айдап өтетін орындар қарастырылған. Атап өткен жөн, жобаға 4 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген.

– Биыл өздеріңіз көрген жолға 2 қабатты асфальт төселеді. Осылайша 20 шақырымға жуық жолды жолаушылар пайдасына береміз. Келер жылы жолға 3-қабат асфальт төселеді. Осылайша жол белгілері қойылып, барлық талапқа жауап беретіндей деңгейде пайдаға беріледі. Осакаров пен Нұра ауданы арасындағы жолдың барлық проблемасы сонымен жабылатын болады, – деді Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Сәбит Оспанов.

Расул МҰХАММЕД,

«QH»