Күн тәртібінде – отбасы мәселесі

Қарағанды облысында өмірлік қиын жағдайға тап болған әйелдер мен балаларға көмек көрсету үшін 7 дағдарыс орталығы бар. Полиция бөлімшелерінде әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспекторлар жұмыс істейді. Олар зардап шеккендердің өтініштерін қабылдап қана қоймай, заңгерлік, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетеді.

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Құрманғали Исмағұлов облыс әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте баяндады.

Ведомствоның мәліметінше, 9 айда облыста отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында 66 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелген. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың барлығы дерлік адамдардың мас кезінде жасалады.

– Учаскелік полиция инспекторлары күнделікті өмірде құқықбұзушылыққа жол беретін адамдарды анықтау және полиция есебінде тұрған адамдарды тексеру мақсатында пәтерлерді күнделікті аралайды. Отбасылық жанжал туралы келіп түскен барлық сын-қатерлер бойынша құқық бұзушыларға алдын алу шараларының қолда бар спектрі қолданылады. Олар: қорғаныс ұйғарымдары, бұзушылардың мінез-құлқына қойылатын ерекше талаптар, ішімдік ішуге тыйым салу, әкімшілік қамауға алу, – деді Құрманғали Исмағұлов.

Ол заңнамаға тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікті қатаңдату жөнінде өзгеріс енгізілетінін атап өтті.

Жиында ақпараттық жұмысты күшейту қажеттігі айтылды. Арнайы қоғамдық кеңестер құруды және бар шағымдарды қарау үшін ақсақалдар кеңесіне жүгінуді ұсынды.