«Күміс жас» жобасы: зейнеткелер жұмыспен қалай қамтылады?

Бағдарлама аясында зейнетке шығуға 2 жыл қалған азаматтарға жұмыс орындары ұсынылады. Қазақстанда зейнет жасына тақаған жұмыссыз адамдарды жұмыспен қамту үшін «Күміс жас» арнайы жобасы жүзеге асырылуда. Жобаны ұйымдастыру және қаржыландыру тәртібін реттейтін, жұмыс берушілер мен қызметкерлерге қойылатын бірқатар талап көзделетін нормативтік-құқықтық акт әзірленді.

Бағдарлама кімдерге арналған?

«Күміс жас» жобасына қатысушылар – зейнеталды жастағы жұмыссыз адамдар. Бағдарлама аясында зейнетке шығуға 2 жыл қалған азаматтар уақытша жұмыспен қамтылады. Еңбек министрлігінің мәліметінше, жоба жыл сайын 5 мың адамды қамтиды.

Жобаның шарты қандай?

«Күміс жас» жобасына қатысушылар жалақысының жартысын мемлекет, жартысын жұмыс беруші төлейді. Салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды, пайдаланылмаған еңбек демалысына өтемақы мен банк қызметтерін ескере отырып субсидияның ең жоғары шегі – 30 АЕК (91 890 теңге). Экологиялық үстемеақы бойынша төлемдер есепке алынбайды. Мысалы, жұмыс беруші 180 мың теңге жалақы белгілесе, онда оның 90 мыңын мемлекет төлейді. Егер айлығы 200 мың болған жағдайда, 30 АЕК мөлшерінен артық төленбейді

«Күміс жас» жобасына қатысу мерзімі 12 айдан аспайды. Жобаға қатысу мерзімі аяқталған соң, жұмыс беруші зейнет жасына жақындаған адамды зейнетке шыққанға дейін тұрақты жұмысқа алуға міндетті.

Өтініш қалай беріледі?

«Күміс жас» жобасы бойынша жұмыс іздеуші ретінде тіркелу үшін халықты жұмыспен қамту орталықтарына немесе Еnbek электронды еңбек биржасына жүгіну қажет.

Еnbek электронды еңбек биржасы арқылы тіркелу:

  • kz-те жеке кабинет ашыңыз;
  • Жұмыс іздеп жүрген адам ретінде тіркеуге өтінімді толтырыңыз және ЭЦҚ-мен қол қойыңыз.

Өтінім автоматты түрде тексерілгеннен кейін, жеке кабинетіңізге хабарлама келеді.

Жұмыс берушілерге қандай талап қойылады?

Жобаға бір жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келе жатқан, салық және басқа да әлеуметтік аударымдарды тұрақты аударатын, сондай-ақ жалақы бойынша мерзімі өткен берешегі жоқ барлық меншік нысанындағы кәсіпорындар мен ұйымдар қатысады.

Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің кейбір мәселелері туралы бұйрыққа сәйкес, «Күміс жас» жобасына қатысу мерзімі аяқталғаннан кейін, зейнеталды жастағы адамды зейнетке шыққанға дейін тұрақты жұмыс орнына жұмысқа орналастыруға міндеттеледі. Тұрақты жұмысқа қабылдаудан бас тартса, мемлекет есебінен төленген жалақының субсидияланған бөлігін бюджетке өтеуге міндетті.

Жұмыс орындарына қойылатын талаптар қандай?

Қосымша жұмыс орындары тұрақты жұмыс орындарынан тыс және тұрақты жұмыс орындарына арналған бос жұмыс орындарынан тыс ашылады. Мұндай жұмыс орындары ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды және қауіпті жұмыстарда, Ұлттық кәсіптер классификаторына сәйкес біліктілігі төмен қызметкерлердің 9-тобына жататын мамандықтар мен кәсіптер бойынша құрылмауы шарт.

Қазақстанда жұмыссыз жүрген зейнеталды жастағы қанша адам бар?

Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда 450 407 жұмыссыз бар. Оның 83 мыңға жуығы – 45-54 жас аралығындағы азамат. Ал жасы 55-тен асқан 65 мыңнан астам адам жұмыс таба алмай жүр. Бұл зейнет жасына тақаған азаматтардың жұмыс табуы қиын екенін көрсетеді. Басым бөлігі еңбек шартынсыз, яғни бейресми жұмыс істеуге мәжбүр, өйткені егде жастағыларды көбі жұмысқа алғысы келмейді.

Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік бағдарламаларды ұлттық жобаларға трансформациялау жөніндегі тапсырмасы негізінде зейнеткерлік жас алдындағы адамдар үшін «Күміс жас» жобасы іске асырылып, еліміз бойынша 20 мың адамды жұмыспен қамту көзделіп отыр.

60 жастағы Смаилова Айман 14 жасынан бері тігін тігеді. Зейнет жасы жақындағанда, көптеген мекеме жұмысқа алудан бас тартыпты. «Күміс жас» бағдарламасын естіген ол enbek.кз сайтына тіркеліп, 3-4 күн ішінде жұмысқа орналасуға ұсыныс алыпты.

– Мен бұл бағдарлама туралы бұрын естімеппін. Жақында білдім. Менің ойымша, бағдарламаның көмегімен тез жұмыс табуға болады. Өйткені менің жасымда жұмыс табу мүмкін емес. Барлығы тек жастарды іздейді. Еңбек биржасында өзіме керегімді таптым, – деді тігінші Смаилова Айман.

«Күміс жас» жобасы аясында жұмысқа орналасқан адамдардың жалақысын субсидиялау мерзімі 12 айға дейін мерзімді құрайды.

Ағымдағы жылы өңірімізде жоба бойынша 534 адамды жұмысқа орналастыру жоспарлануда.

Аружан АЛПЫСБАЙ