Көмірді онлайн алуға болады

Күздің қара суығы түскелі қысқа қамданыс үдей түсті. Әсіресе отын-су дайындау мәселесінің өзектілігі арта түскені анық. Жылда қайталанатын бір жайт көмір тапшылығы мен ұзын сонар кезек еді. Енді бұл мәселе оңтайлы шешімін таппақ. Бұл туралы Үкімет басшысы Әлихан Смайылов мәлімдеді.

Үкімет азаматтарға ыңғайлы болуы үшін көмірді танымал маркетплейстер мен банк қосымшалары арқылы өткізу жолдарын пысықтап жатыр. Бұл бағытта еліміздегі ең ірі банктердің бірі Қостанай облысында пилоттық жобаны іске қосты. Премьер-министр бұл тәсіл көмір сатылатын орындарда кезектерді азайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

– Бұл – тұтынушыларға қолайлы, өте жақсы цифрлық шешім. Үйден шықпай-ақ көмірге тапсырыс беруге болады. Жергілікті жерлерде тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет, – деді Әлихан Смайылов.

Иә, әзірге бұл бастама өзге облыстың аумағында сыналып көрмек. Әйтсе де «көмірдің үстінде отырмыз» дейтін қарағандылықтар үшін де осы бір отынды сатып алудың машақаты айтарлықтай көп екені анық. Сондықтан кезекте тұрмай, онлайн сатып алу тәсілі аймақтағы күрделі ахуалды жеңілдетуге айтарлықтай сеп болар ма еді.

Арман АБИЛҚАСЫМОВ,

«QH»