Көкжөтелдің алдын алу!
Көкжөтел – тыныс алу жолдарының белгілі бір бактериялар тудыратын жұқпалы ауруы. Көкжөтел қоздырғышы жөтел және түшкіру арқылы ауа тамшылы жолмен таралады. Ауруға адамдар кез келген жаста бейім, оның ішінде өмірдің алғашқы күндерінен бастап жоғары, науқаспен байланыста болған адамның инфекция жұқтыру ықтималдығы 90%-ды құрайды, ал көкжөтел инфекциясына туабітті иммунитет болмайды.
Балалар негізінен өмірінің 1 айынан 6 айына дейін жоспарлы вакцинация алмағанда ауырады, бірақ ересектер арасында көкжөтел де кездеседі.
Көкжөтел бірқатар ауыр асқыну тудыруы мүмкін. Көкжөтел өмірдің алғашқы айларындағы балаларда әсіресе ауыр: жөтелмен, тыныс алудың тоқтауымен, құрысулармен, энцефалопатияның дамуымен жүреді. Көкжөтел отбасылық ошақтарда таралуымен сипатталады.
Инфекция көзі – алғашқы күндерінен бастап жұқтырған науқас адам. Көбінесе ата-аналар көкжөтелдің алғашқы белгілерін жеңіл суық тию деп қателеседі және ауырып жүрген бала басқа балалармен байланысын жалғастырады, осылайша оларды жұқтыру қаупіне ұшыратады.
Көкжөтел әсіресе өмірдің алғашқы айларындағы балалар үшін қауіпті. Алдымен балада жалпы суықтың белгілері пайда болады: мұрыннан су ағу, температураның көтерілуі, қалыпты жөтел. Бірте-бірте жөтел күшейіп, приступ тәріздес жөтелге айналады. Осы әлсірететін жөтел кезінде мидағы қан айналымының бұзылуы, оттегінің жетіспеуі пайда болады, салдарынан психиканың бұзылуы және түрлі дәрежедегі ақыл-ой кемістігі де пайда болады. Аса ауыр жағдайларда өлімге әкелу қаупі де орын алады.
Егер отбасында жедел респираторлық вирустық инфекция белгілері және ұзақ жөтелі бар науқас болса, жасына байланысты вакциналанбаған балалармен байланысты шектеу қажет. Үй-жайда жуғыш заттарды қолдана отырып күнделікті дымқыл тазалауды ұйымдастыру керек, содан кейін желдету керек.
Бүгінгі күні балалардағы көкжөтелдің алдын алудың жалғыз тиімді әдісі – күнтізбе кестесіне сәйкес вакцинация.
Вакцинопрофилактика адамның өмір сүру ұзақтығының ұлғаюына, балалар өлімінің төмендеуіне ықпал етеді. Вакцинация жасына қарамастан адамдардың барлығына қажет. Қазір адамдардың көпшілігі балалық шағында бір рет жасалған көптеген вакцина өмір бойы қайталануы керек екенін білмейді.
Екпені уақытылы алған адамдардың есебінен қоғамда ұжымдық иммунитет қалыптасады да, инфекцияның таралуына және эпидемияның пайда болуына тосқауыл болады.
Қазақстан Республикасында көкжөтелге қарсы вакцинация екі, үш, төрт айлық кезеңде жасалатын үш екпеден және 18-айдағы ревакцинациядан тұрады. Сонымен қатар мектепке барар алдында 6 жасында көкжөтелге қарсы қосымша ревакцинация қарастырылған.
Есіңізде болсын, вакциналанбаған балалар сырқаты, статистикаға сәйкес, екпе алған балаларға қарағанда әлдеқайда жиі және ауыр болады. Вакцинация көкжөтелді жұқтыру қаупін айтарлықтай азайтады, тіпті егер бала ауырып қалса да, ауру әлдеқайда жеңіл өтеді.
Қазақстан Республикасының Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесі туберкулез, В гепатиті, дифтерия, көкжөтел, сіреспе, полиомиелит, қызылша, эпидемиялық паротит, тұмау, гемофильді инфекцияға қарсы егуді көздейді. Сонымен қатар эпидемиялық көрсеткіштерге қарай вакцина алу да ұсынылады.
Вакцинацияның уақытылы жүргізілмеуі көптеген жұқпалы аурудың өршуіне әкелуі мүмкін. Жоспарлы вакцинациядан өтпеген балалар уақыт өте келе түрлі вирустық және инфекциялық ауру жұқтыруы мүмкін.
Балалар өздерінің жасына байланысты түрлі инфекцияға өте сезімтал, сондықтан әр ата-ана баласының болашағы туралы алдын ала ойланып, оны жұқпалы аурулардың ықтимал асқынуларынан қорғауы керек.
Құрметті ата-аналар! Егер профилактикалық екпе қажеттілігіне күмәніңіз болса, бас тарту қағазына қол қоюға асықпаңыз. Жұқпалы аурудың қауіптілігі, вакцинация қажеттілігі, одан бас тартудың салдары туралы толық ақпарат жинаңыз.
Жұқпалы аурулардың алдын алудың жалғыз құралы вакцинация екенін ұмытпаңыздар! Балаларыңыздың денсаулығы сіздің қолыңызда!
Н.М.Аймағанбетов,
Қарағанды қаласының Қазыбек би атындағы ауданының СЭҚБ басшысы