Көкпаршылар көк серкені таласқа салды

Көшпелі өмір салтын бастан кешкен қазақ халқы үшін көкпар – көне өнер. Бұл орайда тұлпарын түн асырып, сәйгүлігін сайысқа баптайтын азаматтардың қатары артуда. Тектілікті танытар бекзат өнерге бас ұрған ұлтжанды жігіттер ұлттық спортты барынша ұлықтап келеді. Тақымын қысып тұлпар мінген жігіттер арасында «Сарыарқа кубогы» сарапқа салынды. Республика күні қарсаңында қолға алынған бұл айтулы шараға алыстан ат арытып арнайы келген атбегілердің қатары көп болды. Ат құлағында ойнаған, сайдың тасындай іріктелген жігіттерден 6 команда шығып, өзара бақ сынасты.

Атшабары (ипподром) жоқ болса да, ат спортын ақсатпай дамытып отырған Арқа азаматтары дәстүрлі жарысты жалғастырды. Ұлттық ойындарды ұлықтауды мақсат еткен азаматтар Астана мен Павлодардан арнайы келген. Біздің өңірден де тас түйін даярлық қылған 4 команда қатысты. Ат үстінде бап байқасқандар кілең білекті де жүректі жігіттер екені аңғарылды. Аттардың өзі үш деңгейге бөлінген. Бірінші деңгейдегі – қорғаушы аттар. Одан кейінгі екінші деңгейде – шабуылшы аттар, жекпе-жектегі аттар. Қарағанды облысының Ат спорты федерациясының басшысы Нұржан Шайхин қай команда болмасын кіл мықтылардан жасақталғанын жеткізді. Дегенмен аты бар да, заты жоқ атшабарда ойын өткізудің өзі оңай емес екені – шындық. Жақсылықтан үмітті спорт жанашыры ұлттық спортта серпіліс барына қуанышты.

– Қарағанды облысында аттың бабын білер жігіттер жетерлік. Арнайы келген қос команда жігіттері де осал емес. Мысалы, Астанадан келген команда жігіттері – осыған дейін жоғары лигада жүрген шын мықтылар.

Бұл жолғы дүбірлі додада бақ та, бап та сыналары анық. Жеңіске деген жігері мықты жігіттер ауа райының қолайсыздығына қарамастан бой босаңсытар емес. Бұл – қанда бар қайсарлықтың нышаны.

Негізі, дәстүрлі қазақ қоғамында көкпарға жасқа толған серкенің семізі таңдалған. Басқа малдың терісі жыртылғыш болғандықтан, көкпарға тартпайды. Семіз серке терісі жыртылмайды. Сол талапқа сай бұл жолы да 6 команда арасында салмағы 35-40 келі болатын семіз серке тасталды. Арнайы жасақталған атшабар болмағандықтан, алаңда торуыл, қазандық орны дайындалып, айып нүктесі – бәрі жасанды сызба түрінде болды.

Дегенмен атшабар жоқ деп жасыған жігіт, айылын босатқан арғымақ болмады. Ақ батамен басталған айтулы шара қара жердің шаңын көтеріп, қиқумен арқа қоздырды. Ойын шартына сай 6 команда екі топқа бөлінді. Әр топта жеңіске жеткен екі команда финалдық айқаста бақ сынады. Ал екінші орын алған қос ұжым үшінші орынға таласты. Көкпар көркін қыздырған аттардың әлді, азаматтардың адуынды екені аңғарылды. Кіл мықтыдан кім мықты екенін қазандыққа түскен серке саны анықтады. Сайыс қорытындысы бойынша, жүлделі үшінші орын Астана құрамасына бұйырды. Ерекше ойынымен есте қалған павлодарлық «Сейфуллах» командасы екінші орын, ал сақа ойыншылардан құралған салымы көп «Бәйтерек» клубы жарыс жеңімпазы атанды. Бірінші орын – 1 млн 200 мың теңге, екінші орын – 700 мың теңге, үшінші орын – 400 мың теңге ақшалай сый-сияпатқа лайық танылды.

Сондай-ақ үздік шабуылшы ретінде Тауасар Еркебұлан, үздік қорғаушы ретінде Анияр Бердалинов танылды. Ал ең мықты арғымақ «Бәйтерек» командасының Ақжал атты сәйгүлігі болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл айтулы ойын келесі жылы республикалық деңгейде өтпек.

Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ,

«QH»