Көкпардан Қарағанды әкімі кубогын ардагерлер құрама командасы жеңіп алды

Қарағандыда көкпардан қала әкімінің кубогы және жаппай көкпардан облыстық ашық турнир өтті.

Командалық көкпарда жеңіс пен ақшалай сыйлыққа төрт команда, жаппай көкпарда 200-ге жуық шабандоз таласты.

– Жүлде қоры 500 мың теңге болатын командалық көкпар және жүлдесі миллион теңге болатын жаппай көкпар Ұлттық спорт күнін мерекелеу аясында өтті, – дейді Қарағанды облысының Ұлттық және ат спорты федерациясының президенті Нұржан Шайхин. – 200-ге жуық шабандоз жаппай көкпарға қатысты. 40 жастан асқан ардагерлер тобы керемет нәтиже көрсетті. Ақшалай сыйлықтар өз алдына, ең епті шабандоздар үшін Республикалық ұлттық спорт федерациясының арнайы екі белдігі қарастырылған.

Жаппай көкпарға қатысу үшін Рамазан есімді шабандоз арнайы Алматыдан келген екен.

– Ат қызықтырған соң, осыдан жеті ай бұрын көкпарға келдім. Содан бері осы спорт түрімен айналысып келем. Атымның аты – Аманкөк, ол да менімен бірге бастады. Қарағанды қаласында өтіп жатқан бүгінгі көкпар – біздің алғашқы көкпарымыз, бәрі жақсы болады деген сенімдемін, – дейді алматылық шабандоз Рамазан Әділжанов.

Ойындар қорытындысы бойынша, командалық көкпарда бірінші орынды ардагерлер құрамасы иеленді. Екінші орында – Шет ауданы, үшіншіде – Ақсу-Аюлы командасы, ал төртінші орын Ақтоғай ауданына бұйырды.

Көкпар жігіттердің күш-жігерін, төзімділігін, батылдығы мен ептілігін, ат үстінде мығым отыруын қалыптастырады. Сонымен қатар көкпар – аттың қалай бапталып үйретілгенін, жүйріктігін де сынайтын спорт. Көкпар жаппай және дода тартыс (командалық) болып екіге бөлінеді. Жаппай тартыста әркім көкпарға өзі иелік етуге тырысады. Дода тартыста құрамы бірдей екі топ сынға түседі.

– Шет ауданынан ардагерлер ойынына екі команда (Ақсу-Аюлы және аудан құрамасы) келді. Мен 50 жастамын. 1990 жылдан бері, яғни 16 жасымнан көкпар ойнаймын. Жаппай көкпардың командалықтан айырмашылығы – оған 200-ден астам адам қатысады және әрқайсысы өзі үшін ойнайды. Көп нәрсе атқа және онымен шабандоздың өзара әрекеттесуіне байланысты. Менің атымның аты – Қостанай. Ол қазір 14 жаста. Оны менің інім Нұрлыбек Ақышбек баптайды. Бүгін біз ардагерлер көкпарымен маусымды аштық, алда көптеген ойын бар. Жапондықтар «99% өлім екен ғой қазақтың көкпары» деп мойындаған. Облысымыздың спорты дами берсін! Облысымыздың Көкпар федерациясына және қала әкіміне ризамыз. Баршаңызды Наурыз мейрамымен құттықтаймын, жаңа жыл бақытты, берекелі және табысты болсын! – дейді Шет ауданы командасының капитаны Манарбек Ақышбек.

Жаппай көкпардың қорытындысында бірінші салымды қарағандылық Еркебұлан Әлмен соқты. Ол 50 мың теңге алды.

– Мен Қарағанды қаласының «Тұран ел» командасында ойнаймын. Жалпы, көкпарды жас кезімнен ойнаймын, бүгін беташар салым салдым. Бүгінгі көкпар жақсы өтті, өзіме ұнады. Көкпарды рухы мықты адамдар ойнайды, бұл – бәріне бірдей бағына беретін ойын емес. Жаппай көкпарда атыңыз да өте маңызды рөл атқарады. Осы жетістікке жеткенім – атымның арқасы, атымның аты – Торайғыр. Оны баптап жүргеніме екі жылға жуықтады. Командалық көкпарға қатысқанымен, бүгін жаппай көкпардағы алғашқы ойыны болды, – деп бөлісті Еркебұлан Әлмен.

Бұқар жырау және Шет аудандарының көкпаршылары Дархан Көрпебаев пен Марғұлан Исақ басты салымдарды (100 (баруын) және 200 (қайтуын) мың) соқты. Оларға ақшалай сыйлықтардан басқа Республикалық федерацияның белдіктері табысталды.

Құралай КӨБЕНОВА, «QH»