Көкпар көркін қыздырмақ

Биыл ұзақ жылғы үзілістен соң 25 қазан – Республика күні қайта тойланады. Еліміздің егемендігі айқындалған осы бір атаулы мерекеге орай Қарағанды қаласы әкімдігінің қолдауымен көкпардан дәстүрлі «Сарыарқа кубогы» өтпек. Дүбірлі дода алдағы сенбі-жексенбі, яғни қазан айының 15-16 аралығында қаламыздың жаңа атшабар алаңында ұйымдастырылады.

Бұл жарыстың Республика күніне орайластырыла ұйымдастырылуының символикалық мәні бар. Өйткені әу бастан-ақ көкпар ердің ері ғана бел шешіп, тәуекел етер ойын болған-ды. Көкпар шапқан жігіттің ел мен жерді қорғауға, Отанын сүюге, елінің патриоты болуға қабілеті зор болады. Өйткені бұл ойын жігіттің бойындағы намыс отын жалындатып, жеңіске деген құлшынысын арттырады.

Ұйымдастырушылар осы шара арқылы ұлттық спортты дамытуды және өскелең ұрпақ бойына елжандылық рухын дарытуды мақсат тұтқан. Көнге қойылған жүлде қоры да қомақты. 1-орынға 1 200 000 теңге, 2-орынға 700 000 теңге, 3-орынға 500 000 теңге көлемінде қаржылай сыйлық тағайындалып отыр.

Қарағандылықтар демалыс күндерін жаңа атшабар алаңында көрігі қызған ұлттық ойынды тамашалаумен өткізе алады.

Арман АБИЛҚАСЫМОВ,

«QH»