Көгілдір отын кешеуілдеді, көмір қымбат

Қара алтынның үстінде отырса да көмірге жарымайтын кенді қала тұрғындары үшін қысқы қиямет қазан айынан басталады. Жылда жыр болса да, көмір бағасы бағынған емес. Қатты отынға сұраныс артар маусымда көмір карьерлерінде көмір алу үшін ұзын сонар кезек қалыптасады. Биыл да солай, жүргізушілер тәуліктеп көлікте түнеп, кезек күзеткен күндер болды. «Шұбаркөл Көмір» АҚ өкілдерінің айтуынша, биыл еркін түрде көмір алу жүйесі бір айға ертерек ашылды, таразының екінші пункті қосылды. Алайда сұраныс тек артуда.

«Шұбаркөл Көмір» АҚ өндіріс жөніндегі вице-президенті Сергей Кимнің айтуынша, Шұбаркөлден көмір алып, оны 3 есе қымбатқа сату жағдайлары тіркелген. Осылайша бағаны ортада отырып құбылтар делдалдар салдарынан жұрт даурығады. Карьер басшылығының айтуынша, көмір қоймада да, кенжарда да бар, жөнелту тәулік бойы жүзеге асады. Карьер басшылығының өзі кезек мәселесін шешуге мүдделі, алайда бұл – маусымдық құбылыс. Желтоқсан айында кезек сейіліп, азаяды.

«Етікші етікке жарымайды» демекші, қара алтынға қарық болмаған жұрт көгілдір отыннан көп үміт күтті. Тұтынушы тілегіне орай Қарағанды облысын газдандыру үшін 24 іске қосу кешенін іске асыру көзделді. Бүгінгі таңда 1 іске қосу кешені пайдалануға берілді, нәтижесінде 634 абонент техникалық шарт алды (Қарағанды қаласында 336, Теміртау қаласында 298). Табиғи газ көзіне қосылғаны – 431 жеке тұлға (Қарағанды қаласында 247, Теміртауда 184).

Теміртау қаласында 2 іске қосу кешені бойынша құрылыс жұмыстары аяқталды. Бүгінгі таңда салынған желілерді «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ сенімгерлік басқаруға беру жүргізілуде.

Екінші іске қосу кешендері шеңберінде екі қалада 3 872 жеке тұрғын үйге биыл жыл соңына дейін қосымша газ тарату желілері тартылады. Сондай-ақ Саран қаласында да газ құбырын салу жұмыстары жалғасуда.

Облысты одан әрі газдандыру шеңберінде Осакаровка ауданының Осакаровка кентінде және Шахтинск қаласында тарату желілерін салу үшін ЖСҚ (жобалық сметалық құжат) әзірленді. Қаржыландыру қолдауымен желілер құрылысы 2023 жылы жанданады.

Бұқар жырау, Шет аудандарын газдандыруға қосымша ЖСҚ әзірлеу жүргізілуде.

Бүгінгі таңда абоненттерге Қарағанды қ. Ермеков к-сі, 104/1 және Теміртау қ. Менделеев к-сі, 11 мекенжайы бойынша техникалық шарт алу нысаны ашылды.

Энергетика министрі Болат Ақшолақов біздің өңірде болған жұмыс сапары барысында атап өткендей, республикалық бюджеттен Қарағанды облысы үшін 2022 жылы автоматтандырылған станциядан Қарағанды және Теміртау қалаларына дейін газ желілері салынып жатқан 3 жобаны іске асыру үшін 6,6 млрд теңге қарастырылған. Сонымен қатар 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру аясында 2 жобаны жалғастыру үшін 13,9 млрд теңге көзделген. 2024-2025 жылдарды қамтитын үшінші кезеңде 2 іске қосу кешені салынады. Оның алғашқысы Курьяновский ауылын және Майқұдықтың 19-ықшамауданын қамтыса, екіншісі Майқұдықтың Берлин, Сахалин, Шахтерлер ықшамаудандарына газ жеткізеді. Төртінші, яғни соңғы кезеңде Цемзауыт, Сұрыптау елді мекендеріне газ жететін болады.

Тариф 2021 жылдың қараша айында 40,8 теңге боп бекітілді. Қарағанды қаласы бойынша екінші іске қосу кешені бойынша құрылыс жұмыстарын аяқтау сатысында қосымша 1-кезектегі 4, 5, 6-іске қосу кешенінің жұмыс жобасын әзірлеу жүргізілуде.

Қарастырылған қаржы, жоспарланған жұмыс жетерлік. Соған сенген қайсыбір тұрғын биыл қысты пеш жақпай өткіземіз деп алданған. Пешін бұзып, құны қымбат газ қабылдау қондырғысын алғандар да болды. Алайда күн суытқанда не газ жоқ, не ескі пеш жоқ, біраз елдің есі шыққаны да – шындық. Жұрт жаз бойы естен шығарған көмір жайын қайта ойлады. Осындай үміті ақталмаған тұрғынның бірі Любовь Николаевна Шеллер:

– Газ туралы жаңалық жүйкені жұқартқан іс болды. Маусым айында келісімшартқа қол қойдық. Қыркүйек айында газ болады деді. Қыркүйек аяқталып, қазан басталды. Жеткен жылу, жетіскен хал жоқ, отырмыз. Газ қазандығы үшін қаншама мың ақша бердік, үміт ақталмады, – дейді.

Жұрттың бұл ренішіне Қарағанды құрылыс басқармасының басшысы Мұрат Камалиев:

– Газ бар. Қазіргі уақытта нысанға кіру актісі бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қараша айында олар газға қол жеткізе алады, – деп сендірді.

Төрт кезеңнен тұратын газдандыру жұмысының алғашқы екі кезеңінің өзінде жұрт пікірі оң болмай тұр. Айтылған уәде уақытылы орындалмағандықтан, келесі кезеңдерде көгілдір отынға қосылуға ниет білдіретіндер саны көп болуы екіталай. Артық қыламыз деп тыртық қылған тұстар да көп. Жұрт газдандыру жұмысынан болған қолайсыздықты айтып көп шағымданады. Осыған дейін Доскей көшесінің тұрғындары көктемнен бері сол маңда басталған жұмыс өнбей, мердігердің маңайды қазғаны аздай, тротуарды қопарғанын айтқан. Құрылыс бөлімі бұзылған барлық учаскені қалпына келтіру жауапкершілігі мердігерге жүктелетінін түсіндірді. Осылайша бірнеше келеңсіздікке кезіккен тұтынушы үйренген көмірлі пешке көп сенеді. Онда да жағдай оңып тұрғаны шамалы. Қара отын қалта қағарлық бағада. Қоймадағы Шұбаркөл көмірінің бір тоннасы бүгінде 11 мың 500 теңге, сапалы отын құны 13 мыңнан.

Бір отбасы үшін көмір құны орташа есеппен 60-тан 120 мың теңгеге дейін және жеткізуге 10 мыңнан 30 мың теңге көлемінде шығындалады. Бұл – қаладағы тұтынушыға шақталған баға. Ал шалғай ауылдардағы ағайынға тіптен ауыр. Көмір бағасы көңіл көншітпей тұрғанда, оған жол шығыны, тасымал қызметі қосылып, баға барынша шарықтап кетеді.

Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ,

«QH»