Әйелдер кәсіпкерлігіне қолдау бар

Қарағанды облысында 2022 жылы мыңнан астам әйел өз ісін бастауға немесе бизнесін кеңейтуге мүмкіндік алды. Бұл ретте оларға Өңірлік кәсіпкерлер палатасының Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы көмектесті.

Өткен жылы орталыққа 800-ге жуық кәсіпкер жүгінді. Олар қажетті кеңес алды. Ниеті барлар оқудан өтті. Сонымен қатар мамандар бизнестің ағымдағы жағдайына баға берді. Менторлық сүйемелдеу болды.

Офлайн форматта 300-ден астам әйел оқу курстарынан өтті. Тағы жүз адам бизнес құзыреттілігін және жеке өсуін дамыту үшін онлайн-тренингілерге қатысты. Бағыттар әр түрлі болды: тігін өндірісі, киім дизайны, СММ жылжыту, кооперация, салық және бухгалтерлік есеп, менталды арифметика, бизнес жүргізудің құқықтық аспектілері.

Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының кеңесшісі Арайлым Серікбайдың айтуынша, он компания EFQM халықаралық моделі бойынша бизнес-стратегияны дамыту әлеуетін анықтау үшін бағалау жүргізген.

ӨКП жанындағы Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы 2022 жылдың наурыз айында ашылды. Оның барлық қызметі тегін. Биыл әйелдер кәсіпкерлігін қолдау жұмыстары жалғасады.

Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі