ИСМ мен АШМ отандық қант өндірушілерді қолдау бағдарламасын әзірлеуде-Б. Сұлтанов

Қазақстан қант бойынша импортқа тәуелді болып табылады. Қанттың жалпы тұтынылуының 7%-ы ғана отандық қызылшадан өндіріледі, қалған көлемі Ресей Федерациясынан, ТМД елдерінен және шикі қант түрінде, негізінен Бразилиядан импортталады. Қант саласын дамытудың бірқатар бағдарламалары қабылданып, іске асырылғанына қарамастан, салалық ведомстволар ішкі қажеттілікті толық қамтамасыз ету үшін өндірісті ынталандыра алмады. Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мұны ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов мойындады.

Оның айтуынша, Еуразиялық экономикалық одақ алаңында үшінші елдерден қант импортына тәуелділіктен арылу үшін барлық 5 елдің келісімі бойынша арнайы шешімдер қабылданды. Ол үшін арнайы баждар жасалды.

«Ресейде, Беларусьте бұл дер кезінде шара қолдануға мүмкіндік берді. Бүгінде олар өз-өздерін шикізат өндірумен қамтамасыз етті. Өкінішке орай, бізде климаттық жағдайларға және судың қол жетімділігіне байланысты бірқатар субъективті және объективті себептер бар… сондықтан бізде мұндай тәуелділік бар. Бізге АШМ-мен бірге тиісті бағдарлама әзірлеу тапсырылды, онда тауар өндірушілер тарапынан субсидиялау және қарсы міндеттемелер мәселелерін пысықтайтын боламыз, ең бастысы — осы өте маңызды өнімді өндіру үшін шикізат базасы уақытылы қамтамасыз етілуі үшін отандық фермерлер мен зауыттарды қолдау,. Бүгінде отандық қант саласын дамыту бойынша нақты қадамдар белгіленді», — деді спикер.