«IQANAT» – САПАЛЫ БІЛІМ ҮШІН
Қарағандыда «Iqanat» республикалық олимпиадасының ІІ облыстық кезеңінің ашылу салтанаты өтті. Оған облыс аумағындағы ауыл мектептерінен шамамен 300-ге тарта оқушы қатысты. Республикалық олимпиаданың екінші кезеңінде қатысушылар математика, физика, биология, химия, Қазақстан тарихы және география сияқты пәндерден тест тапсырады. Ерекшелігі – оған тек ауыл мектептерінің 8-сынып оқушылары ғана қатысады.
– Негізгі мақсатым – жақсы жоғары оқу орнына түсу. Бұл – менің алғашқы жарысым емес, қаншама олимпиадаға қатысқам. Көбіне математикаға қатысатынмын. Ол – менің бастауыштан бері сүйікті пәнім. Енді олимпиада оңай болмайтыны анық. Қарсыластарыма сәттілік тілеймін, өзіме – тек жеңіс. Ешқашан берілмеңдер, соңына дейін тырысыңдар, – дейді қатысушы Диана Мұқашева.
Қатысушылардың бірі – Айару Темірбек. Ол Қарқаралы ауданының Егіндібұлақ ауылынан келген. Сегізінші сынып оқушысы бұл жарыстан жүлделі оралам деген ниетте.
– Басты мақсатым – грантқа түсіп, жақсы маман болып шығу. Үшінші кезеңге қалай да болсын өткім келеді. Өзім химия пәнін таңдадым. Бұған дейін өте көп жарыстан жүлделі оралғанмын. Сондықтан бүгін аса қинала қоймаспын деп үміттеніп отырмын. Қалған балаларға да сәттілік тілеймін, – дейді Айару Темірбек.
Олимпиаданың басты мақсаты – ауылдардағы дарынды балаларға білім беру жолындағы қаржылық және әлеуметтік кедергілерді жою. Сонымен қатар білім алушылардың оқудағы мықтылығы мен белсенділігін анықтау.
– Облыстық Жамбыл атындағы мамандандырылған мектеп-лицей-интернатында республикалық олимпиада өтті. Екінші кезеңге облыс көлемінде 247 оқушы жолдама алды. Бұл кезең пәндік болғандықтан, балалар өзі таңдаған пәндерден тестілеуден өтеді. Бұл байқау осымен бесінші жыл қатарынан өткізілуде. Бұл олимпиаданың басты ерекшелігі – тек ауыл мектептерінің оқушылары қатысады. Жыл сайын мұнда үмітін арқалаған қаншама бала келеді. Біздің басты мақсат – ауылдағы дарынды балаларға білім алу жолында қолдау көрсету, – дейді Қарағанды облысы Білім басқармасының бас маманы Арайлым Серікова.
Олимпиада екі күнге жалғасты. Жеңімпаздар Бурабайдағы «Iqanat» мектебіне грантқа оқуға түсе алады.
Нұрәсем АХАН,«QH»