Инклюзивті спорт қалыс қалмайды

Қарағанды қаласындағы «TURAN-EL орталығы» базасында мүгедектігі бар спортшылар арасында Қарағанды облысы әкімінің ашық кубогы ұйымдастырылды. Паралимпиада ойындары мен Арнайы Олимпиада бағдарламасы аясында өткен жарыс бейімделген ат спортының дамуына серпін беріп, өңірдегі инклюзивті спорттың әлеуетін көрсетті.

Аталған турнирге тірек-қимыл аппараты бұзылған және зияткерлік даму ерекшеліктері бар шамамен 30 шабандоз қатысты. Жарысқа Астана мен Алматы қалаларынан, сондай-ақ Шығыс Қазақстан, Маңғыстау және Қарағанды облыстарынан келген командалар бақ сынады. Бұл додаға қатысушылардың географиясы кеңейіп келе жатқанын және бейімделген ат спортына қызығушылық артып отырғанын аңғартады. Қарағанды облысы бейімделген ат спорты қозғалысына жуырда ғана қосылғанымен, алғашқы нәтижелер қазірдің өзінде байқалып отыр. Өңірде ерекше балалар мен жасөспірімдерге арналған жүйелі дайындық жұмыстары жолға қойылып, халықаралық талаптарға сай инфрақұрылым қалыптаса бастаған.

Иппотерапия нұсқаушысы әрі Қарағанды облысы командасының жаттықтырушысы Амина Есина өңір үшін бұл турнирдің маңызы зор екенін атап өтті.

– Бүгінде Қарағанды облысы паралимпиадалық мәнерлеп жүру жарыстарын өткізу құқығына ие болған еліміздегі үшінші өңір саналады. Бұған дейін мұндай мүмкіндік тек Өскемен мен Астана қалаларында болған еді. Сондықтан бұл біз үшін үлкен сенім әрі жауапкершілік. Бұл жарыстардың басты құндылығы  адамның мүмкіндігі шексіз екенін көрсетуінде. Мүгедектігі бар балалар мен жасөспірімдер өз қабілеттерін дәлелдеп, үлкен спортта да биік белестерді бағындыра алатынын көрсетеді. Сонымен қатар көрермендер атпен жұмыс істеудің оңалту процесіне қалай әсер ететінін, оның физикалық және психологиялық тұрғыдан қаншалықты пайдалы екенін көреді. Турнирдің жоғары деңгейде өтуіне қолдау көрсеткен Қарағанды облысының әкімдігіне және демеуші болған Nәtige компаниялар тобына алғысымызды білдіреміз, – деді ол.

Турнир халықаралық стандарттарға сай ұйымдастырылып, қатысушыларға барлық қажетті жағдай жасалды. Жарыс арнайы жабыны бар заманауи жабық манежде өтті. Сонымен қатар аз қозғалатын азаматтар үшін арнайы инфрақұрылым қарастырылып, пандустар мен ыңғайлы кіру жолдары жабдықталған. Бұл қатысушылардың өзін еркін сезінуіне және жарысқа толыққанды қатысуына мүмкіндік берді.

Қарағанды облысының намысын паралимпиадалық мәнерлеп жүру бағдарламасында Алтай Абайдуллин мен Айзере Ахметжан қорғады. Екі спортшы да жоғары шеберлік танытып, қарсыластарынан басым түсіп, алтын медаль жеңіп алды. Бұл өңір спортшыларының тыңғылықты дайындықпен келгенінің айқын дәлелі. Ал Арнайы Олимпиада бағдарламасында Бақытбек Дошкин мен Ілияс Бекжігітов өнер көрсетті. Жарыс қорытындысында Ілияс Бекжігітов бірінші орынды иеленіп, алтын медальға қол жеткізсе, Бақытбек Дошкин күміс жүлдені еншіледі.

Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен үздік нәтиже көрсеткен спортшылар ұлттық құрама сапына іріктеледі. Енді олар алдағы уақытта халықаралық жарыстарда Қазақстан намысын қорғауға мүмкіндік алады.

Ералы ҒАНИ,

«QH»