Игілігі мол ұлттық мереке

25 қазан – ұлттық мереке, Республика күні. 1990 жылы дәл осы күні Қазақстан Республикасының Егемендігі туралы Декларация қабылданған болатын. Осы бір айтулы күннің құрметіне Қарағанды қаласы әкімдігінің қолдауымен қаламыздағы «Молодежный» мәдениет сарайында Республика күніне арналған салтанатты шара өтті.

Мерекелік кештің құрметті қонақтарының қатарында Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен еңбек майталмандары, жергілікті атқарушы билік өкілдері, қоғамдық бірлестіктер мен кәсіпорындар қызметкерлері және жастар ұйымдарының басшылары болды. Салтанатты шараға келген қала тұрғындары мен кеш қонақтарын кеншілер астанасының басшысы Ермағанбет Бөлекпаев құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Қала әкімі Республика күні қаламыз бен әр қарағандылықтың жетістіктерін біріктіретін айтулы күн екенін атап өтті. Сондай-ақ тәуелсіздік алған сәттен бастап Қазақстанда барлық салада түбегейлі өзгеріс болғанына, еліміздің дамыған басқа мемлекеттермен бір қатарда тұруына мүмкіндік беретін мемлекеттік институттардың айтарлықтай жаңарғанына да айрықша тоқталды.

Осыдан соң қаламыздың дамуына үлес қосқан белсенді азаматтарға және қоғам қайраткерлері мен ардагерлерге, әлеуметтік маңызы бар мамандық қызметкерлеріне бірқатар марапат табыстады.

Мерекелік кеште жергілікті өнерпаздардың әзірлеуімен концерттік бағдарлама көрсетілді. Ал мәдениет үйінің холында қаладағы көпбалалы аналар қолынан шыққан көрме ұсынылды.

Арман АБИЛҚАСЫМОВ,

«QH»