Хоккей корты төңірегіндегі дау-дамай

Қарағанды облысына қарасты Нұра ауданында салынып жатқан құны 105 миллион теңгелік хоккей корты шілде айының ортасында пайдалануға беріледі. Атап өткен жөн, бұл нысанның құрылысы жемқорлыққа қарсы қызметке бағынышты «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігі тарапынан күмән тудырған болатын. Осыдан кейін өңірде тексеру жұмыстары басталған еді.

Құны 105 млн теңге болатын хоккей корты суретінің сұрықсыздау екені рас. «Оған осынша қаржы қалайша бөлінді?» деген ой бір көрген адамның көкейінде бірден туындайтыны хақ. Алайда мамандар бұл сондай бір жоғары санатты корт болмайтынын о баста айтқандарын айтады. Мамандар бұл корт ангар типтес, жазғы уақытта футбол ойнайтын, ал қысқы мерзімде су құйылып қатырылып, хоккей ойнайтын корт болатынын айтып отыр. Жұмыстың кестеден кешікпегенін айтады.

Құрылысы өткен жылы басталған спорттық нысанның жұмысына жобаның жалпы құнының 80 проценті төленген. Аудан билігі корттың құны мемлекеттік сараптамадан өткенін, ал оның құрылысы жоспар бойынша жүріп жатқанын айтады. Тек құрылыстың халық арасында не себепті осынша шағым тудырғанын түсінбейді.

— Темір қаңқасы орнатылды, корт алаңының асфальты төселіп, алаңдары құйылып, барлық жұмысы бітті. Қазіргі уақытта мердігер компания корттың негізгі төсенішін дайындап жатыр. Сол төсеніштен кейін тент жабындысы жабылады. Одан кейін ішкі жұмыстарға кіріседі, — дейді Нұра ауданы құрылыс бөлімі басшысының м.а. Нұржан Оралбаев.

Алайда мектепішілік хоккей командасы бар аудан тұрғындары бұл нысанға балаларын қаңтар айынан бастап әкелеміз деп үміттенген. Себебі о баста нысан қыс кезінде тапсырылмақ болыпты. Мысалы, аудан тұрғындарының бірқатарының аталған оқиғаға қатысты наразылығы да бар. Елена Каменева есімді Нұра кентінің тұрғыны:

— Басында құрылысы жүріп жатқан. Біздің балаларымыз хоккеймен айналысады. Тіпті үлкендер де мұзға барып сырғанаудан кетәрі емес. Бұл нысан біздің ауданға аса қажет деп есептеймін. Ашылуын бәріміз де күтіп жүрміз, — дейді. Ал «Әділдік жолы» ҚБ қор жетекшісі Рустам Танишпеков:

— Біз талдау өткізген кезде негізгі шарт болды, 5 қаңтар мерзімі бойынша. Қосымша екі шарт болды. Онда да 5 қаңтар мерзімі белгіленген. Сол себепті ол бізге күдік тудырды. Кейіннен, мүмкін, құрылыс бөлімі қосымша шарт жасасқан шығар. Әзірге осы тексеру барысында біз оны анықтаймыз. «Кейін осы шарт мамыр айында жасасқан болса, онда неге құрылыс бөлімі мердігерге айыппұл салмады, сотқа бермеді?» деген сұрақ туындап отыр біздің қоғамдық бірлестік тарапынан, — дейді.

«Әділдік жолы» қоғамдық бірлестік өкілдері осы мәселе бойынша Коррупцияға қарсы қызметке жүгінген. Қазір ішкі аудит пен прокурорлар мәселені бүге-шігесіне дейін тексеріп жатыр. Нәтижесі кейін белгілі болады дейді.

Расул МҰХАММЕД, «QH»