Хан есімі ұлықталды

Хан Кененің 220 жылдық мерейтойына орай белгілі журналист, велошабандоз Ернат Мелсұлы «Елорда – Қарағанды» велошеруін ұйымдастырды. Басты мақсат – ел назарын ұлы тұлғаның мерейтойына аудару, ұлттық рухты насихаттау.

19 шілде күні таңғы сағат 04:30-да елордадағы Кенесары хан ескерткішінен басталған велошеру кешкі сағат 17:00-де Қарағанды қаласындағы «Тәуелсіздік» стеласының алдында түйінделді. Жалпы қашықтық 220 шақырым. Велошабандоз осы арқылы қазақтың ел тәуелсіздігі жолында күресіп құрбан болған соңғы ханы, ұлы күрескер Кенесары ханның рухын ұлықтауды мақсат тұтқан. Сондай-ақ саламатты өмір салтын, белесебет мәдениетін және патриотизмді насихаттауды көздейді.

– Біз Кенесары ханды елдің бәрі біледі, таниды деп ойлаймыз. Бірақ, өкінішке қарай, арамызда оны білмейтін азаматтар көп. Әсіресе өзге ұлт өкілдері қазақтың соңғы ханы туралы мүлдем ештеңе білмейді. Менің көздегенім – спорттық шара арқылы көптің назарын аударып, насихат жүргізу. Өйткені Кенесары – руһ. Қазақ халқының, ұлтымыздың руһы, – дейді Ернат Мелсұлы.

Спортшыны қарсы алуға қарағандылық белсенді азаматтар мен спортшылар жиналды. Әсіресе өзге ұлт өкілдері күннің ыстығында 220 шақырымды велосипедпен жүріп өткен азаматтың ерлігіне тәнті болып, ризашылықтарын білдірді. Мұның өзі көздеген мақсаттың орындалғанын айғақтайтындай.

Өз тілшімізден