Халықтың әл-ауқатын арттыру – басты міндет
Қазақстандықтардың тұрмысын жеңілдетіп, тұрғындардың материалдық жағдайын жақсарту – жаңа Қазақстанның алдында тұрған басты міндеттердің бірі. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арналған жолдауында атап өткен болатын. Сонымен қатар биылғы сегізінші шақырылымдағы Парламенттің алғашқы сессиясының ашылуында да мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау шараларын күшейту қажеттілігіне тоқталды. Бұл бағытта елімізде ауқымды жұмыстар қолға алынғанын атап өткен жөн.
Бірінші шілдеден бастап елімізде ҚР Әлеуметтік кодексі күшіне енді. Бұл бірқатар азаматқа төленетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мөлшерін ұлғайтуға мүмкіндік беріп отыр. Мәселен, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу жағдайларына орай берілетін төлемдер 14,5% өсті. Сонымен қатар 7 және одан да көп бала туып, тәрбиелеген аналарға берілетін жәрдемақы мөлшері 7,4 айлық есептік көрсеткішке дейін арттырылды.
ҚР Әлеуметтік кодексі шеңберінде 2023 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік жәрдемақылардың мынадай түрлерінің мөлшерін орта есеппен 14,5% арттыру көзделген:
– мүгедектік бойынша;
– асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша;
– арнайы әлеуметтік жәрдемақылар;
– мүгедектігі бойынша айлық жәрдемақы мөлшеріне дейін жасына байланысты зейнетақы төлемдеріне қосымша ақы алушыларды қоспағанда, жасына байланысты зейнетақы төлемдері немесе еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдері тағайындалған бірінші, екінші және үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар;
– Байқоңыр қаласында тұратын және Ресей Федерациясының заңнамасына орай мүгедектігі бойынша зейнетақы алатын 7 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға арнаулы мемлекеттік жәрдемақы;
– саяси қуғын-сүргін құрбандарына немесе саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен, мүгедектігі бар немесе зейнеткер адамдарға арнаулы мемлекеттік жәрдемақы;
– Қазақстан Республикасы алдында ерекше еңбегі үшін зейнетақы тағайындалған адамдарға арнаулы мемлекеттік жәрдемақы.
Осылайша жоғарыда аталған жәрдемақы түрлері 2022 жылмен салыстырғанда 23% ұлғайтылады (биылғы 1 қаңтардан бастап 8,5% өсуді ескере отырып). Осы мақсаттарға республикалық бюджеттен қосымша 37 млрд теңге бөлінді.
Және 2023 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік жәрдемақыларды 14,5% арттыру көзделген:
– бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасайтын адамға;
– мүгедектігі бар баланы (мүгедектігі бар балаларды) тәрбиелеп отырған анасына немесе әкесіне, асырап алушыға, қорғаншыға (қамқоршыға).
Бүгінгі таңда бұл жәрдемақылардың мөлшері 1,4 ең төменгі күнкөріс деңгейін немесе 2023 жылы 56 794 теңгені құрайды. Әлеуметтік кодекс күшіне енген кезде, жәрдемақы мөлшері 2023 жылы 1,61 ең төменгі күнкөріс деңгейіне немесе 65 313 теңгеге дейін артады. Осы мақсаттарға республикалық бюджеттен қосымша 6,4 млрд теңге бөлінді.
Әлеуметтік кодексте сондай-ақ «Алтын алқа» алқасымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған әйелдерге төленетін жәрдемақы мөлшерін саралау көзделеді.
Егер бүгінде 6, 7 және одан да көп бала туып, тәрбиелеген аналар бірдей мөлшерде жәрдемақы алса, енді 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап «Алтын алқа», «Батыр ана», I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған, яғни 7 және одан да көп баланы өмірге әкелген әрі тәрбиелеген аналарға арналған жәрдемақы мөлшері 7,4 айлық есептік көрсеткішке дейін арттырылады.
Сонымен қатар осы жылдың 1 шілдесінен бастап Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу жағдайлары бойынша әлеуметтік төлемдердің мөлшері 14,5% көбейтіледі.
Төлемдердің мөлшері жеке және мыналарға байланысты: соңғы 2 жылдағы МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табыс, еңбекке қабілеттілігінен айырылу коэффициенттері, асырауындағы адамдар саны, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі және табысты ауыстыру.
Бұл төлемдер республикалық бюджеттен төленетін ұқсас жәрдемақыларға қосымша жүзеге асырылады, сондай-ақ 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап ҚР Үкіметінің шешімімен олардың мөлшері 8,5% ұлғайтылды.
Жоғарыда көрсетілген жәрдемақылардың мөлшерін арттыру Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйелерінде бар мәліметтер негізінде автоматты түрде жүргізілетін болады, осыған байланысты алушылардан уәкілетті органдар тарапынан қосымша өтініш талап етілмейді.
Арман ӘБІЛҚАСЫМ,
«QH»