Халықаралық байқауда топ жарды
Қарағандылық жас әнші Қызғалдақ Әуесханқызы халықаралық өнер додасында жоғары нәтиже көрсетіп, SUPER GRAND PRIX бас жүлдесін жеңіп алды. Грузияда өткен халықаралық вокалдық байқауда Қазақстанның намысын қорғаған өнерпаз кәсіби шеберлігімен, сахнадағы еркіндігімен және вокалдық мүмкіндігімен ерекшеленіп, қазылар алқасының ең жоғары бағасына ие болды.

Халықаралық байқауға қатысу үшін Қызғалдақ Әуесханқызы бірнеше кезеңнен тұратын іріктеуден өтті. Алдымен ол облыстық кезеңде үздік атанып, кейін Алматы қаласында өткен республикалық іріктеуде бақ сынады. Байқауға еліміздің түкпір түкпірінен мыңнан астам үміткер қатысқанымен, шешуші кезеңге тек 12 өнерпаз ғана жолдама алды. Солардың арасынан халықаралық деңгейде Қазақстан атынан өнер көрсету құқығына үш қатысушы ие болды. Қызғалдақ Әуесханқызы сол үздіктер қатарынан көрінді.
Грузияда өткен халықаралық байқауда Қызғалдақ Әуесханқызы өз өнерін жоғары деңгейде көрсетіп, түрлі елден келген қатысушылар арасынан оза шапты. Оның орындау мәнері мен дауыс диапазоны қазылар алқасының ерекше ықыласына ие болып, нәтижесінде байқаудың ең жоғары марапаты SUPER GRAND PRIX иегері атанды. Бұл жетістік қазақстандық өнерпаздардың халықаралық сахнадағы әлеуетінің жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Қызғалдақ Әуесханқызы үшін бұл алғашқы ірі жетістік емес. Ол бұған дейін де республикалық байқауларда топ жарып үлгерген. Өнерпаз «Арқа аруы – 2023» байқауының жеңімпазы атанса, «Жас қанат – 2025» республикалық фестивалінде де үздік деп танылды. Сонымен қатар «Қазақ аруы – 2025» байқауына қатысып, өзінің жан жақты өнерімен көпшілікке танылған болатын.
Қызғалдақ Әуесханқызы алдағы уақытта да шығармашылық жолын жалғастырып, жаңа жобалар мен халықаралық байқауларға қатысуды жоспарлап отыр. Ал Грузиядағы SUPER GRAND PRIX марапаты оның өнердегі жаңа белестерге сенімді қадам басуына жол ашқан маңызды жеңістердің бірі болды.
Ералы ҒАНИ,
«QH»
